Тоқаев 26 наурызда үш заңға қол қойды

26 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев үш заңға қол қойды.
Олардың бірі — «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілетін тауарлардың шығу тегін айқындаудың үйлестірілген жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң.
Құжат ЕАЭО елдерінің өнімін үшінші мемлекеттердің нарықтарына экспорттауды реттеу тетіктерін оңтайландыруға бағытталған. Атап айтқанда, тауарлардың шығу тегін айқындау, куәландыру және растау саласында бірыңғай тәсілдерді қолдану көзделген. Келісім электрондық верификация жүйелерін құру арқылы рәсімдерді цифрландыру мәселелерін реттейді. Бұл үшінші елдердің құзыретті органдарына сертификаттардың түпнұсқалығын нақты уақыт режимінде жедел тексеруге мүмкіндік беріп, қазақстандық тауарлардың сыртқы нарықтарға қолжетімділігін едәуір жеңілдетеді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының «2021 жылғы 16 ақпандағы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасын көрсетілген салада үйлестіру мақсатында Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің талаптарын сақтауға мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру қағидаттары мен тәсілдері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңына қол қойды.
Бұдан бөлек Президент «Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімді» ратификациялады. Бұл келісім табиғи апаттар мен төтенше жағдайларға бірлесіп ден қою тетігін қалыптастыруға, сондай-ақ зардап шеккен мемлекетке ерікті қолдау көрсетуге бағытталған.
Көмек төтенше жағдай кезінде зардап шеккен мемлекеттің өтініші бойынша ерікті негізде көрсетіледі. Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігі Түркі мемлекеттері ұйымы құрамындағы төтенше жағдайлар саласындағы салалық орган ретінде әрекет ететін халықаралық ұйым нысанында құрылады.
Заңдардың мәтіндері баспасөзде жарияланады.


