Қазақстан Ұлттық банкі 10 000 теңгелік ескі үлгідегі банкноталардың қатар айналым мерзімін 2027 жылғы маусымға дейін ұзартты

Қазақстан Ұлттық банкі 10 000 теңге номиналындағы банкноталардың қатар айналым мерзімін ұзартты. Ескі үлгідегі банкноталарды 2027 жылғы маусымға дейін пайдалануға болады.
Ұлттық банктің мәліметінше, шешім Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының ұсыныстары ескеріле отырып қабылданған. Ол ескі үлгідегі банкноталарды есеп айырысуда қосымша бір жыл қолдануға мүмкіндік беруді және оларды жаңа үлгідегі банкноталарға кезең-кезеңімен ауыстыруды көздейді.
Ұлттық банк жаңа сериядағы «Сақ стилі» банкноталарын кезең-кезеңімен айналымға енгізуді жалғастырып жатыр. Бұл үдеріс аясында ескі үлгідегі банкноталарды жаңасына бірізді ауыстыруды қамтамасыз ететін қатар айналым тетігі қолданылады.
Ұлттық банкте қатар айналым кезеңі аяқталғаннан кейін барлық банктер мен «Қазпочта» АҚ ескі үлгідегі банкноталарды жаңа үлгідегілерге тағы 3 жыл бойы айырбастайтынын, ал Ұлттық банктің филиалдары оларды мерзімсіз айырбастайтынын атап өтті.
Сондай-ақ, қатар айналым кезеңінде ескі және жаңа үлгідегі банкноталар заңды төлем құралы болып саналады. Олар Қазақстанның бүкіл аумағында барлық төлемдер мен аударымдар, сондай-ақ банк шоттарына есепке алу үшін өз номиналдық құны бойынша міндетті түрде қабылдануы тиіс.
Бұған дейін Қазақстанда 10 000 теңгелік ескі банкноталарды пайдалану мерзімін тағы бір жылға ұзарту жоспарланып отырғаны хабарланған. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов журналистердің сұрақтарына жауап беру барысында айтқан.
Сонымен қатар, 2025 жылғы 25 желтоқсанда Ұлттық банк жаңа дизайндағы 500 теңгелік банкнотаны айналымға шығаратынын жариялады. Алайда бұл банкноталар жаппай айналымға 2026 жылдың екінші тоқсанында түседі, өйткені оларды елдің барлық өңіріне жеткізу және жабдықтарды (банкоматтар, терминалдар және басқа кассалық техника) бейімдеу үшін қосымша уақыт қажет.


