Алматының Түрксіб ауданында құбыр ауыстырылғаннан кейін жол жабынының сапасына шағым түсті

Алматыдағы Түрксіб ауданында су құбырларын жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жол жабынының жағдайына қатысты шағым айтылды. Tengri Auto редакциясына жүгінген оқырманның айтуынша, Тайшетская, Акынова және Миасская көшелерінде құбырлар ауыстырылған соң кей учаскелер асфальтталғанымен, жабын көп ұзамай жарамсыз күйге түскен.
Оқырманның сөзінше, асфальт шөгіп, шұңқырлар пайда болған. «Асфальт провалился, появились ямы. Их просто засыпали щебенкой и уехали», — деді ол.
Жіберілген кадрларда жолдың кей жерлері «жамау-жамау» болып жөнделгені көрінеді. Шөккен тұстарға қиыршықтас төгілген, ал кей учаскелерде асфальт мүлде жоқ — жолдың үсті лайға айналған.

Әкімдікте не деді
Түрксіб ауданы әкімдігінің түсіндіруінше, жұмыстар Акан Серы — Шолохова — Сейфуллина көшелерімен шектелген аумақта су құбыры және кәріз желілерін салу жобасы аясында жүргізіліп жатыр.
Мердігер ұйым — «Гранд Тауэр Сервис» ЖШС. Жұмыстар 2025 жылғы маусымнан 2026 жылғы тамызға дейін жоспарланған және оның ішінде Тайшетская, Акынова және Миасская көшелері де қамтылған.
Ведомство жобаның әзірге аяқталмағанын нақтылады.
«Сообщаем, что проект на текущий момент не завершён и находится в стадии реализации. В период с ноября 2025 года по апрель текущего года строительно-монтажные работы были приостановлены в связи с сезонными погодными условиями», — деп жауап берді әкімдіктегілер.
Әкімдік өкілдері құрылыс нормаларына сәйкес қыста асфальт төсеуге тыйым салынатынын да еске салды: төмен температурада жабын сапасын қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан қазір проблемалы учаскелерде көлік қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолды қиыршықтаспен уақытша тегістеу жүргізіліп жатыр.
Әкімдіктің мәліметінше, асфальтты толық қалпына келтіру жұмыстар аяқталғаннан кейін және қолайлы ауа райы орнағанда жоспарланып отыр.
Алматыдағы асфальттың шөгуі
Өткен жылы жаңбырдан кейін Аманжол көшесінде адамдардың аяғының астында асфальт опырылып, бірден бірнеше көлік жер астына кеткені еске салынды.
Бұл 2025 жылы Алматыда тіркелген жалғыз жағдай емес. Нөсерден кейін Әуезов ауданында, Абайдан төмен орналасқан Яссауи көшесінде автобустардың дөңгелегі астында жаңа асфальт шөккен.
Осыған ұқсас оқиға Алматыдан шығар тұста да болған: Жандосова көшесінде асфальттың шөгуінен үлкен кептеліс пайда болған.
Асфальттың опырылуы мен созылып кеткен жөндеу жұмыстары аясында қалалық полиция департаменті жол жұмыстарының сапасына бақылауды күшейтетінін мәлімдеді.
Бұған дейін Алматыдағы Әл-Фараби даңғылындағы жолайрық жобасы туралы да айтылған.
Сондай-ақ: Семей әкімдігі жолдағы шұңқырларды неге ескі брусчаткамен «жөндейтінін» түсіндірді.


