Алматыда 2026 жылы 360 көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр

Алматыда 2026 жылы жол инфрақұрылымын жаңарту аясында 360 көшеде орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстардың жалпы ұзындығы 290,2 шақырымды құрайды. Оның ішінде ұзындығы 40,9 шақырым болатын 17 магистральдық көше бар. Магистральдардағы жұмыстар жазғы кезеңде атқарылады.
Қалада наурыз айының ортасынан бастап ағымдағы жөндеу басталған. Қазіргі кезде люк пен жаңбыр суын қабылдағыштардың шөгуі, қоғамдық көлік жолақтарындағы ойықтар және жол жабынындағы өзге де ақаулар жойылып жатыр.
Биылғы жылы ерекше назар Алатау ауданына аударылады. Онда құрылыс және орташа жөндеу шеңберінде ұзындығы 121,9 шақырым болатын 304 көшені қамту жоспарланған.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жол жөндеуге жыл сайын қомақты қаражат бөлінетінін, алайда қыстан кейінгі жағдай қала тұрғындарының негізді сынына себеп болатынын атап өтті. Ол мердігер ұйымдармен нақты әңгіме жүргізу қажеттігін айтып, міндеттемелерді сапасыз орындайтын компаниялар қаладағы жұмыстарға жіберілмейтінін мәлімдеді.
Әкім сондай-ақ жөндеу жүргізілетін учаскелер «кедергілер жолағына» айналмауы тиіс екенін айтып, жол белгілері, бағдаршамдар, жаяу жүргіншілер өткелдері, жолақ сызықтары, көпірлер мен жол айрықтары тиісті жағдайда болуы керектігін жеткізді. Оның сөзінше, ол қаланы тұрақты түрде өзі аралап, жұмыстардың барысын жеке бақылауда ұстайды.
Бұған дейін Алматыда Жароков көшесінің бір бөлігінде жол жабынын қалпына келтіру жұмыстары басталғаны айтылған. Жұмыстар Бостандық ауданында, Ходжанов көшесінен Дунаевский көшесіне дейінгі учаскеде өтеді. Жөндеу 2026 жылғы 5 сәуірге дейін жалғасады.


