Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузовты қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) басқарма төрағасы Николай Подгузовты қабылдады. Кездесу барысында ЕАДБ-ның екі онжылдық жұмысының қорытындылары және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы ЕАДБ-ны құрылғанына 20 жыл толуымен құттықтап, банктің Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар жобаларды іске асырудағы негізгі серіктестердің бірі екенін атап өтті.
Николай Подгузов Мемлекет басшысына ЕАДБ болжамдарын таныстырып, оған сәйкес Қазақстанның 2026 жылғы ЖІӨ өсімі кемінде 5,5 пайыз болады деп күтілетінін айтты. Бұл көрсеткішке үздіксіз инвестициялық белсенділік, ауқымды инфрақұрылымдық бағдарламалар, тұрақты ішкі сұраныс және берік әлеуметтік көрсеткіштер ықпал етеді.
Президентке ЕАДБ-ның 2022–2026 жылдарға арналған стратегиясын іске асыру кезеңінде жиынтық инвестициялар көлемі 9,2 миллиард долларға жеткені хабарланды. Оның ішінде Қазақстан экономикасына 5,2 миллиард доллар инвестиция салынған, бұл банктің алдыңғы 15 жылдағы инвестициялар көлемімен шамалас.
"Шамамен 2,1 миллиард доллар өнеркәсіпті дамытуға, 1 миллиард доллар энергетикаға, 1 миллиард доллар көлік инфрақұрылымына, 1,1 миллиард доллар қаржы секторына бағытталды. Цифрландыруды қолдауға және жасанды интеллект технологияларын енгізуге ерекше назар аударылады", — делінген хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаев банктің қатысу географиясының едәуір кеңейгенін атап өтіп, бұл жаңа бастамаларды іске асыруға және өңірлік экономикалық интеграцияны нығайтуға ықпал ететінін айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан экономикасының орнықты дамуы мүддесінде стратегиялық әріптестік пен инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара мүдделілікті растады.


