Рио-де-Жанейродағы олимпиадалық велотректің шатыры өртенді: қазақстандық спортшылар зардап шеккен жоқ

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласындағы олимпиадалық стадионның шатырына өрт шықты. Нысан кадеттер мен юниорлар арасындағы семсерлесуден әлем чемпионатын өткізу алаңы ретінде пайдаланылған, жарысқа қазақстандық спортшылар да қатысқан.
Әлеуметтік желілерде жарияланған кадрларда 2016 жылғы Олимпиада аясындағы жарыстар өткен велотректің шатырының едәуір бөлігі жанып кеткені көрінеді.
Мәліметке сәйкес, шамамен таңғы 4:17-де Олимпиадалық парктегі стадионға жедел қызмет өкілдері келіп, шатырдың жартысы қирағанын анықтаған. Өртті сөндіруге 20 өрт сөндіру көлігімен шамамен 80 өрт сөндіруші жұмылдырылған, қала үстіне қара түтін көтерілген. Билік өрт негізінен брезент шатырмен шектелгенін мәлімдеген. Рио өрт қызметінің дерегінше, велодромның ішкі бөлігі зақымданбаған.
Өрттің шығу себебін сот-медициналық сараптама анықтайтыны атап өтілді.
Юниорлар арасындағы семсерлесуден әлем чемпионатына қатысушылар зардап шекпеген.
Олимпиадалық велотрек түнде, дәл осы нысанда юниорлар арасындағы семсерлесуден әлем чемпионаты аясындағы жарыстар өткен күндердің арасында өртенгені көрсетілді.
Халықаралық семсерлесу федерациясы (FIE) өртке байланысты арнайы мәлімдеме жасады.
«Халықаралық семсерлесу федерациясы (FIE) және Бразилия семсерлесу конфедерациясы (CBE) бүгін таңертең ерте Рио-де-Жанейродағы олимпиадалық велодромның шатырында өрт болғанын растайды. 1 сәуірден бастап бұл стадионда юниорлар мен кадеттер арасындағы әлем чемпионаттарының іріктеу кездесулері өткізілді. Іс-шара кезінде алаң бос болды, ал жергілікті билік ешкім зардап шекпегенін растады. Юниорлар мен кадеттер арасындағы семсерлесуден әлем чемпионатына қатысушылардың қауіпсіздігі мен әл-ауқаты біз үшін абсолютті басымдық», — делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ қалған жарыстар әлем чемпионатының негізгі алаңы болған «Кариока-1» аренасында өтетіні хабарланды.
Риода өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстанның юниорлар мен кадеттер арасындағы ерлер құрамасы да бар. Қазақстан семсерлесу федерациясының баспасөз қызметі сұрауға жауап ретінде қазақстандық спортшылар арасында зардап шеккендер жоқ екенін растаған.
Еске салайық, жарысқа Қазақстан өкілдері де қатысқан. Турнирдің басында қазақстандық қылыштасушы Нурмухаммед Жайлыбай ел тарихында алғаш рет юниорлар арасындағы семсерлесуден әлем чемпионатының жүлдегері атанған.


