Демалыста болған ТЖМ қызметкері Бәйтерек ауданындағы өрт кезінде екі адамды құтқарды

Өткен түні Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданына қарасты Достық ауылында екі қабатты көппәтерлі тұрғын үйде өрт шықты.
Демалыста болған ТЖД қызметкері, азаматтық қорғау капитаны Айбар Камидуллиев үйіне көлікпен бара жатып, пәтердегі өртті байқап, бірден көмекке ұмтылған. Ол өрт сөндірушілер келгенге дейін түтінге толы пәтерге терезе арқылы кіріп, іштен екі адамды тапқан.
Кілтті тауып, оны терезе арқылы сырттағы адамдарға лақтырып жіберген. Сырттағылар есікті ашқаннан кейін, Айбар іште қалып, эвакуацияға жол ашып, адамдарды қатты түтін басқан бөлмеден уақытында алып шыққан. Құтқарылғандар жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды.
Өрт сөндірушілер келген кезде екінші қабаттағы пәтердің және балконның жануы, сондай-ақ көрші пәтер балконының ішінара жануы анықталған. Өрттің жалпы аумағы 40 ш.м. құрады.
Өрт сөндірушілер жалынның көрші пәтерлерге таралуына жол бермей, адам шығынына жол берілген жоқ. Өрт толық сөндірілді.




