Ресей Қазақстанға трансұлттық қылмыстық топ құрамындағы заңсыз кәсіпкерлікке күдіктіні экстрадициялады

Ресей Қазақстанға трансұлттық қылмыстық топ құрамында заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысты деген күдікке ілінген азаматты экстрадициялады.
Тергеу дерегінше, күдікті 2023 жылы Қазақстан аумағында сәйкестендіру құралдарынсыз акцизделетін тауарларды (сигареттерді) заңсыз сақтап, тасымалдаған. Бұл әрекет тауарларды Ресейге шығарып, кейін сату мақсатында жасалғаны көрсетілген.
Нәтижесінде Қазақстан бюджетіне түспеген акциздік алым сомасы 1 миллиард теңгеден асқан. Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған.
2025 жылғы сәуірде қазақстандық Ресей аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған қылмыс үшін мүлкін тәркілеумен бірге 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Бұған дейін Ресей Қазақстанға ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында бірнеше рет алаяқтық жасады деген күдікке ілінген адамды да бергені еске салынды.


