Экс-әнші Рахат Турлыхановқа қатысты іс прокурорға жолданып, қылмыстық белгі бар-жоғы тексерілмек

Қазақстандық экс-әнші Рахат Турлыханов отбасындағы кезекті жанжалға байланысты қылмыстық бап бойынша жауапқа тартылуы мүмкін.
Не болды 15 наурызда Рахат Турлыханов жұбайын ұрды деген күдікпен ұсталды. 16 наурызда оның ісі Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар сотында ӘҚБтК-нің 73-бабы — «Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер» бойынша қаралды.
Хаттамаға сәйкес, ол үйде болған кезде жұбайымен жанжал шығарып, жанжал барысында балағаттап, қоқан-лоқы көрсетіп, айқайлаған, соның салдарынан үйдегі тыныштық бұзылған.
Сот отырысында айыпталушының жұбайы күйеуі өзін ұрмағанын және балағаттамағанын айтты. Оның сөзінше, олар тек ажырасу мәселесіне байланысты ұрысып қалған. Турлыханов та араларында жанжал болғанын растады, бірақ күш қолданбағанын мәлімдеді.
Қылмыстық бап бойынша тексеру Тараптардың уәждерін тыңдағаннан кейін сот ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша істі тоқтатты, алайда істің материалдарын әрі қарай тексеру үшін Алматы қаласының Медеу ауданының прокурорына жолдады.
Сотта: «Сот қаулысымен іс материалдары ҚР ӘҚБтК-нің 742-бабына сәйкес прокурорға, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілерінің бар-жоғын тексеру үшін, жәбірленушінің құқық қорғау органдарына жүгінген кездегі дене жарақатын салу туралы бастапқы өтінішін ескере отырып, жолданды» деп хабарланды.
Бұған дейінгі жағдай Еске салсақ, 2024 жылдың қаңтарында Рахат Турлыханов жұбайын ұрғаны үшін сотқа тартылған. Ол кінәсін мойындап, ал жұбайы татуласқанын айтқан. Дегенмен құқық бұзушылықтың қайталануын ескере отырып, сот оған 10 тәулік әкімшілік қамау тағайындаған.
Кейін ерлі-зайыпты видеоүндеу жазып, онда жұбайы отбасында бәрі дұрыс екенін жеткізген. БАҚ бұл жағдайдың бір жыл ішінде екінші рет қайталанғанын атап өткен.


