Vietjet Qazaqstan Астана — Ақтөбе рейсіндегі кідіріс пен отырғызу кезіндегі түсінбеушілікке түсініктеме берді

Астана — Ақтөбе бағыты бойынша Vietjet Qazaqstan рейсіндегі жағдай әлеуметтік желілерде талқыланғаннан кейін, әуе компаниясы оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Тасымалдаушының мәлімдеуінше, рейстің кідіруіне және отырғызу кезіндегі уақытша ретсіздікке әуе кемесін ауыстыру себеп болған.
Әуе компаниясы не деді
Тасымалдаушының ақпаратына сәйкес, рейс өндірістік қажеттілікке байланысты әуе кемесін ауыстыру салдарынан кешіктірілген.
Компанияның баспасөз қызметі борт ауыстырылғаннан кейін барлық жолаушыны орналастыру үшін қосымша уақыт қажет болғанын нақтылады.
"Осыған байланысты отырғызу кезеңінде жолаушыларды дұрыс орналастыру үшін қосымша уақыт қажет болды. Әуе компаниясының қызметкерлері жолаушылардан сәл күте тұруды сұрап, салонның жаңартылған компоновкасын ескере отырып, жолаушыларды жедел орналастыруды қамтамасыз етті", — деп түсіндірді компания.
Әуе компаниясы ешбір жолаушы орынсыз қалмағанын бөлек атап өтті.
"Бірде-бір жолаушы орынсыз қалған жоқ — ұсынылған әуе кемесі жолаушылар санына толық сәйкес келді", — делінген тасымалдаушының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Алғышарт
Бұған дейін әлеуметтік желілерде бір жолаушы Vietjet Qazaqstan әуе компаниясының Астана — Ақтөбе бағыты бойынша рейсіне отырғызу кезінде жағымсыз жағдай болғанын жазған.
Оның айтуынша, рейс 5,5 сағатқа кешіккен. Жолаушының мәлімдеуінше, отырғызудан кейін өзі мен отбасы үшін билеттерде көрсетілген орындар табылмаған. Қазақстандық әйел жолаушыларды қызметкерлер бос орын іздегенше ұшақ дәлізінде күте тұруды сұрағанын айтты.
"Өз орындарында отырған басқа адамдар наразылық білдіріп, бізден ұрыспауымызды сұрады. Бірақ олардың ешқайсысы баланы өз орнына отырғызуды ұсынған жоқ. Бізден үнемі неге ұшақпен ұшпайсыңдар деп сұрайды. Бізге көлікпен жүрген оңай: ұзақтау болса да, сенімді", — делінген жарияланымда.
Сондай-ақ ол ерекше қажеттілігі бар баламен ұшқанын және осыған байланысты жағдай отбасы үшін қосымша стресс тудырғанын атап өткен.
Бұдан бөлек, жолаушы бортта болған әйелдердің бірімен жанжал шыққанын, оның айтуынша, әлгі әйел оның ұлын ұрғанын мәлімдеді.
Полиция не деді
Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тиісті шаралар қабылданады. Сонымен қатар осы оқиға бойынша азаматтар тарапынан шағымдар мен өтініштер түспегенін хабарлаймыз", — деді ведомство.
Полиция мұндай жағдайларда жолаушылар 71-59-07 нөміріне хабарласа алатынын еске салды.
Оқыңыз: Астана әуежайында ондаған рейс кейінге шегеріледі


