Алматыда 10 наурызда жоғалған 25 жастағы қыз бес сағаттан кейін септиктен табылды

**Алматыда 10 наурыз күні 25 жастағы қыз жоғалып кетті.** Қыздың анасы қызының денсаулығында ерекшеліктер бар екенін айтып, бірден полицияға жүгінген.
Іздеу жұмыстары бес сағатқа созылып, нәтижесінде қыз септиктен табылды. Анасының айтуынша, қызды полиция қызметкері анықтаған. Қыз тірі болғанымен, қатты қорқып қалған. Суықта бес сағат болғандықтан, қатты тоңған.
Қыздың анасы полиция қызметкерінің әрекетін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қызметкер ТЖМ-ді, әріптестерін және жедел жәрдемді күтпей, бастаманы өз қолына алып, қызын жалғыз өзі шығара бастаған.
Белгілі болғандай, полиция қызметкерінің аты-жөні — **Олжас Уразалиев**. Ол — Түрксіб ауданы полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция майоры. Құқық қорғау органдарында **20 жыл** еңбек етіп келеді.
Олжас Уразалиевтің айтуынша, қызды тапқан сәтте уақыт өте тығыз болған.
"Біз ауланы қарап жүргенде әлсіз дауысты естідім. Дәретханаға жақындап, ішінде адам бар екенін түсіндім. Қыз қатты әлсіреп, көмек сұрады. Кідіруге болмайтын, сондықтан біз оны дереу шығару туралы шешім қабылдадық", — деді Олжас Уразалиев.
Алматы қалалық полиция департаменті қызметкердің мұқияттылығы мен жедел әрекеттерінің арқасында ауыр салдардың алдын алуға мүмкіндік болғанын мәлімдеді.


