ШҚО-ның Зайсан қаласында атыс болды: екі күдікті ұсталды

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында атыс оқиғасы тіркелді. Екі белгісіз адам бір жігітке оқ атып, кейін жасырынып кетуге әрекеттенген.
Не болды Қаладағы атыс туралы ақпарат алғашында әлеуметтік желілерде жарияланды. Онда түнде Зайсанда белгісіз адамдар 2005 жылы туған жас жігітті арқасынан жаралағаны айтылды. Паблик мәліметінше, зардап шеккен адамды шұғыл түрде аудандық ауруханаға жеткізіп, реанимацияға жатқызған.
Сондай-ақ шабуыл жасағандар оқиға орнынан көлікпен қашып кеткені, бірақ кейін оларды полиция ұстағаны көрсетілді.
Полиция не дейді ШҚО полиция департаменті екі күдіктінің ұсталғанын хабарлады.
«Адам өлтіруге оқталу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Екі күдікті анықталып, ізін суытпай ұсталды. Қару тәркіленді. Қазіргі уақытта олар уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп түсіндірді ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Ведомство мәліметінше, қазір оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.
Сонымен қатар бұған дейін, 14 қаңтарда, Астанада қарулы оқиға болып, нәтижесінде «Сункар» арнайы бөлімшесінің қызметкері жараланғаны белгілі болған. Бұл ақпарат та алдымен әлеуметтік желілерде тарап, күдіктіні ұстау видеосы жарияланған.
Осыған қатысты: «Адам өлтіруге оқталу». Астанадағы атыс және арнайы жасақ қызметкерінің жаралануы туралы мәліметтер шықты


