Маңғыстау облысында Қызылсай паркінде Қызыл кітапқа енген алдыңғыазиялық леопард қайта байқалды

Маңғыстау облысында Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген алдыңғыазиялық леопард қайтадан көзге түсті.
Жыртқыш 1 сәуірде "Қызылсай" мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің аумағында байқалған. Кәсіпорын директоры Мынберген Қаратауовтың айтуынша, із кесуші маман жануарды табиғи ортада бақылап, оны видеокамераға түсіріп үлгерген.
Қаратауовтың мәліметінше, бұл жыртқыш соңғы рет парк аумағында 2025 жылғы шілдеде тіркелген. Оның қайта анықталуы леопардтың "Қызылсай" аумағын тұрақты мекен ету ортасы ретінде пайдалана бастағанын көрсетуі мүмкін. Бұл, өз кезегінде, табиғи экожүйенің тұрақтылығы мен қорғалатын аумақтағы биологиялық әртүрліліктің жоғары деңгейде сақталғанын аңғартады.
Алдыңғыазиялық леопард — ірі жыртқыш мысық тұқымдасы: дене ұзындығы (құйрығынсыз) 171 сантиметрге дейін, құйрығының ұзындығы 106 сантиметрге дейін, шоқтығындағы биіктігі 80 сантиметрге дейін, салмағы 90 килограмға дейін жетеді. Оның басы үлкен, аяқтары салыстырмалы түрде қысқа, құйрығы ұзын.
Жануардың негізгі қорегі — тұяқты жануарлар, соның ішінде үстірттік тау арқары мен жейрандар.
Бұған дейін "Қызылсай" паркінің аңтанушысы бұл леопардтың Маңғыстау облысындағы жалғыз дарақ екенін айтқан. Мамандардың анықтауынша, ол — еркек. Ал ұрғашылары Түрікменстан аумағында мекендейді: леопард ол жаққа мезгіл-мезгіл барып, Үстірт қорығы арқылы қайта оралады. Қазіргі уақытқа дейін Маңғыстауда фототұзақтарға түскен леопардты тіркеудің барлық жағдайлары осы дараққа қатысты болған.


