Ақтауда Қызыл кітапқа енген сирек соғды қызғалдағы табылды

Ақтауда Қызыл кітапқа енген сирек соғды қызғалдағы табылды. Гүлдер жолдар, тротуарлар және қалалық құрылыстар қоршаған шағын ғана жер телімінде өсіп шыққан.
Бұл ерекше олжаны «Эколидер» клубының аға еріктісі Тлектес Маскарова байқаған. Ол қызғалдақтарды суретке түсіріп, фотоларын клуб жетекшісі Бахытгүл Жақсылықоваға жіберген.
Кейін олар бірге барып, орынды қарап шыққаннан соң, алдарында шынымен сирек соғды қызғалдағы тұрғанына көз жеткізген.


Бахытгүл Жақсылықованың айтуынша, ол бұл көрініске қатты таңғалған: «Жолдардың ортасында, үлкен гипермаркеттің жанында, адамдар үнемі жүріп-тұратын және көліктер қатынайтын жерде сирек қызғалдақтар өсіп тұр. Адамдар аяқ астындағы қандай қазына жатқанын да білмейді. “Бізді құтқарыңыздар, адамдар! Болашағымызға қамқор болыңыздар! Біз тек сіздерді ғана емес, келер ұрпақты да көркімізбен қуантқымыз келеді!” — дегендей, осы шөл гүлдерінің жанайқайын естігендей болдым», — деді ол.
Сирек өсімдік туралы ақпарат облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына берілген.
Енді «Эколидер» клубының жетекшісі Қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды сақтап қалу үшін шағын гүлзар жасауды жоспарлап отыр. Оның мақсаты — «адамдар жыл сайын тамашалай алатындай әрі біз оларды қорғай алатындай» жағдай қалыптастыру.
Еске салайық, ҚР ҚК 339-бабы және «Өсімдіктер дүниесі туралы» заңға сәйкес сирек өсімдіктерді жинауға, жоюға, бүлдіруге, заңсыз сатып алуға, сақтауға, тасымалдауға немесе сатуға қатаң тыйым салынады.
Заң бұзғандарға 3 000 АЕК-ке дейін айыппұл (2026 жылы 12 950 000 теңге); түзеу жұмыстары; бас бостандығын шектеу; 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұған дейін Шымкенттен небәрі 30 шақырым жерде қазақстандық фотограф ерекше локацияны — 10 гектардан астам аумаққа жайылған гүлдеп тұрған қызғалдақтардың алып алқабын түсірген.
Әлеуметтік желілерде Түркістан облысынан түсірілген видео да талқыланып жатыр: онда трактор Қызыл кітапқа енген сирек Грейг қызғалдағы өсетін алқаппен жүріп өтеді. Бұл жағдайға қатысты мән-жайлар әкімдікте нақтыланған.


