Иранның жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи Ормуз бұғазы жабық күйінде қалатынын мәлімдеді



















Иранның жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи алғашқы жария мәлімдемесінде Ормуз бұғазы жабық күйінде қалатынын айтты. Ирандық БАҚ мәліметінше, осы жағдай аясында мұнай нарығында бұрын-соңды болмаған күйзелістер байқалып отыр.
Иранның мемлекеттік телеарнасында Хаменеи атынан оның жоғарғы көшбасшы қызметіне кіріскеннен кейінгі алғашқы болжамды жолдауы оқылды. Тағайындалған сәттен бері ол көпшілік алдына шықпаған.
Жолдауда Хаменеи стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазы «қысым құралы» ретінде іс жүзінде жабық күйінде қалатынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол Иранмен көршілес елдер АҚШ базаларына байланысты қудалауға ұшырап отырғанын айтты.
Ирандық ақпарат агенттігінің келтірген сөзіне сәйкес, Хаменеи: «Халық бұқарасы тиімді әрі жауды іштей ірітуге мәжбүрлейтін қорғанысты жалғастыруды талап етеді. Аренадағы қатысу сақталуы тиіс, ал Ормуз бұғазы жабық күйінде қалуы керек», — деді.
Агенттік мәліметінше, жаңа көшбасшы өз жолдауында Иран «шаһидтердің қаны үшін», әсіресе Минабта қаза тапқандар үшін (қыздар мектебіндегі балалардың қаза болуы — еск.) кек алудан бас тартпайтынын да айтқан.
Бұл мәлімдеме АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Джон Керридің CNN телеарнасына берген сұхбатынан кейін көп ұзамай жасалды. Керри АҚШ пен Израильдің Иранмен соғысы туындатқан энергетикалық шок соңғы онжылдықтардағы ең ауыр жаһандық дағдарыстардың бірі екенін айтты.
Ол сұхбатында: «Алдағы күндері дипломатия өте батыл түрде қайта жанданады деп үміттенемін… Бүкіл әлем үшін адамдардың осы жағдайдан шығатын жол табуы аса маңызды. Энергия тасымалдаушылары бағасымен не болғанын көрдіңіз — бұл тым ұзаққа созылса, әркімнің экономикасына әсер етеді», — деді.
Керри сондай-ақ Тегеран қақтығысты созып, одан да үлкен экономикалық зиян келтіруі мүмкін екенін ескертті.
«Иранның асимметриялық соғыс жүргізу қабілетін ешкім төмен бағаламауы керек. Олар мұны бұрын да дәлелдеген. Оларда бұл бағытта тәжірибе бар. Мен тек осы пайымдар Трамп әкімшілігінің шешім қабылдауында қаншалықты — тіпті мүлде — ескерілген-ескерілмегенін білмеймін», — деді ол.
Халықаралық энергетикалық агенттік әлем «әлемдік мұнай нарығы тарихындағы ең ірі жеткізілім үзілуімен» бетпе-бет келгенін мәлімдеді. Президент Дональд Трамп мұнай бағасының күрт өсуінің маңызын төмендетіп, АҚШ жоғары энергия бағасынан ұтады деп мәлімдеді.
Сондай-ақ Трамптың энергетика министрі АҚШ Әскери-теңіз күштері әзірге Ормуз бұғазы арқылы кемелерді алып жүруге дайын емес екенін айтқан, өйткені Иран осы су жолындағы кемелерге шабуыл жасап жатыр.
Бұған дейін Иранның Сыртқы істер министрлігі елдің жаңа жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменеи жараланғаны туралы БАҚ-та тараған ақпаратты растаған. Сонымен бірге Эсмаил Багаи әзірге Иран көшбасшысы халық алдында қашан сөз сөйлейтіні туралы дерек жоқ екенін атап өткен.


