RWS Wagon жаңа вагондары 17 наурыздан бастап «Нұрлы Жол – Семей» бағытына шығарылады

17 наурыздан бастап RWS Wagon жаңа вагондары «Нұрлы Жол – Семей» қатынасындағы пойыз құрамында қатынай бастайды. Жаңа құрам жолаушыларға сапар барысында жайлы жағдай ұсынуға бағытталған.
Пойыз құрамы 9 вагоннан тұрады: 3 купе, 5 плацкарт және 1 штабтық вагон. Бұл құрам бір бағытта 350-ден астам жолаушыны тасымалдауға есептелген.
Ұлттық тасымалдаушының мәліметінше, №353/354 пойызы күн ара жүреді: «Нұрлы Жол» станциясынан жөнелту уақыты — 17:55, «Семей» станциясынан — 16:45. Бұған дейін бұл бағытта 1993 жылы шығарылған вагондар пайдаланылған. Қазір жылжымалы құрам жаңа буындағы заманауи вагондармен жаңартылды.

Компанияда вагондар дизайны, қауіпсіздігі, сенімділігі және жайлылығы бойынша заманауи әлемдік талаптарды ескере отырып жасалғанын атап өтті. Мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін арнайы купелер мен арбаға арналған орындар, сондай-ақ жолсерікті шақыру түймесі қарастырылған. Вагондардың қызмет ету мерзімі — 40 жылға дейін.
Сондай-ақ соңғы екі жылда «Жолаушылар тасымалы» АҚ RWS Wagon (ЗИКСТО) маркалы 219 вагон сатып алғаны хабарланды. Жаңа вагондар мына бағыттарда да қатынап жүр: «Ақтөбе – Атырау», «Павлодар – Түркістан», «Павлодар – Алматы», «Қызылорда – Семей», «Алматы – Саратов», «Алматы – Өскемен», «Астана – Көкшетау», «Астана – Курорт Бурабай», «Қарағанды – Астана».

Компанияның мәлімдеуінше, парк жаңарту — Мемлекет басшысының тапсырмасы аясындағы ұлттық тасымалдаушының стратегиялық бағыты. 2030 жылға дейін парк жаңғырту бағдарламасы шеңберінде 100 пайызға жаңарту жоспарланған.
«Жолаушылар тасымалы» өкілдері жаңа вагондардың техникалық мүмкіндіктерін де нақтылады. Олар 45-серияға жатады және әртүрлі санаттағы жолаушыларға — балаларымен саяхаттайтын отбасылардан бастап, қозғалысы шектеулі азаматтарға дейін — жайлы сапарға арналған заманауи жабдықтармен қамтылған.
Вагондарда Wi‑Fi, әр орынға арналған USB-ажыратқыштар, сондай-ақ қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі ақпараттық таблолар бар. Балалары бар жолаушылар үшін санитарлық тораптарда жөргек ауыстыру үстелдері орнатылған, ал құнды заттарды сақтауға жеке сейфтер қарастырылған.

Қосымша жайлылықты купедегі реттелетін микроклимат, LED-жарықтандыру, эргономикалық тұтқалар және құрам ішінде еркін қозғалуға мүмкіндік беретін герметикалық вагонаралық өткелдер қамтамасыз етеді. Тамбур мен салон арасындағы сырғымалы есіктер кеңістікті үнемдеп, шуды азайтуға көмектеседі.
Вагондардың әрлеуінде экологиялық гипоаллергенді материалдар қолданылған, ал ауаны залалсыздандыру жүйесі инфекциялардың таралу қаупін төмендетеді. Вакуумды дәретханалар ұзақ аялдамалар кезінде де жұмыс істейді, ал вагон арбашаларының конструкциясы пойыздың жүрісін бірқалыпты етуге бағытталған.


