МОК: 2028 жылдан бастап әйелдер жарысына қатысу үшін генетикалық тест арқылы жынысын растау талап етіледі

Халықаралық олимпиада комитеті (МОК) Олимпиада ойындарындағы әйелдер жарыстарына енді тек генетикалық тест арқылы өз жынысын растаған спортшылар ғана қатыса алатынын мәлімдеді.
Бұл талап ұйым сайтында бейсенбі, 26 наурызда жарияланған материалдан белгілі болды.
МОК хабарлауынша, жаңа ережелер 2028 жылғы Лос-Анджелестегі Олимпиададан бастап қолданылады. Олар МОК қамқорлығындағы басқа жарыстарға да қатысты, алайда кері күшке ие емес және әуесқой әрі бұқаралық спортқа қолданылмайды.
Ұйым президенті Кирсти Ковентридің айтуынша, «биологиялық ер адамдардың әйелдер санатында жарысуы әділетсіз болар еді». Ол кейбір спорт түрлерінде бұл тіпті қауіпсіздікке де әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
МОК нақтылағандай, ер жынысын айқындайтын SRY генінің болуы «өмір бойы өзгермейтін және спортшының ер адам ретінде дамығанын дәлелдейтін жоғары дәлдіктегі айғақ» болып саналады. Генетикалық тест сілекей талдауы, ұрттан алынатын жағынды немесе қан үлгісі арқылы жүргізіледі.
Комитеттің мәлімдеуінше, жаңашылдықтар зерттеулер мен спортшылар арасында жүргізілген сауалнамалардың нәтижесіне сүйене отырып қабылданған. Ұйым «күш, қуат және төзімділік маңызды болатын барлық спорт түрлері мен жарыстарда ер жынысы нәтижеге артықшылық береді» деген қорытындыға келген.
Сонымен бірге МОК SRY гені бар адамдарға әйелдер жарысына қатысуға рұқсат берілуі мүмкін екенін де атап өтті. Бұл, егер оларда ер жыныстық гормондары — андрогендерге толық сезімталдықтың болмауы синдромы (CAIS) немесе тестостерон олардың физикалық көрсеткіштеріне әсер етпейтін жыныстық дамудың басқа да сирек бұзылыстары анықталған жағдайда мүмкін.
Ал SRY гені бар өзге спортшылар, оның ішінде трансгендерлер, талаптарға сай келетін басқа санаттардың бәрінде жарысқа қатыса алады. Мысалы, олар ерлер турнирлерінде өнер көрсетуге және аралас санатта ерлер орындарын иеленуге құқылы.
МОК шешімі Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарынан кейін бір жарым жылдан астам уақыт өткен соң қабылданды. Ол ойындарда әйелдер арасындағы бокстан Алжир спортшысы Иман Хелиф пен Тайвань спортшысы Линь Юйтин алтын медаль жеңіп алған.
Оларға қатысты БАҚ-та олардың гендерлік тесттерден өте алмағаны және SRY гені бар екені туралы ақпарат тараған. Олардың гендерлік тиесілігі мен әйелдер жарысына қатысуы кең ауқымды пікірталас тудырып, оған АҚШ президенті Дональд Трамп, америкалық кәсіпкер Илон Маск, британ жазушысы Джоан Роулинг және Халықаралық бокс федерациясының (IBA) президенті Умар Кремлев те қатысқан.


