ПСЖ Чемпиондар лигасының 1/4 финалындағы алғашқы матчта «Ливерпульді» 2:0 есебімен жеңді

9 сәуірге қараған түні француздың «Пари Сен-Жермен» клубы Чемпиондар лигасының 1/4 финалындағы алғашқы матчта ағылшынның «Ливерпульін» жеңді.
Кездесу «Парк де Пренс» стадионында (Париж, Франция) өтті.
Командалардың құрамдары
ПСЖ: Сафонов (В), Хакими, Маркиньос, Пачо, Мендеш, Витинья, Невеш, Заир-Эмери, Дуэ, Кварацхелия, Дембеле.
«Ливерпуль»: Мамардашвили, Гомез, Ван Дейк, Конате, Керкез, Гравенберх, Собослаи, Макаллистер, Виртц, Фримпонг, Экитике.
Матч барысы
Ойынның 11-минутында алаң иелері есеп ашты: Дезире Дуэ айып алаңының ішінде қақпаға соққы жасап, доп қорғаушыға тиіп, «Ливерпуль» қақпашысының үстінен асып түсті.
Екінші таймда ПСЖ 65-минутта есепті еселеді. Жоау Невеш «Ливерпуль» қорғаушыларының арасынан Хвича Кварацхелияға дәл пас беріп, ол қақпашыны алдап өтіп, допты бос қақпаға бағыттады.
Араға 5 минут салып, «Ливерпуль» қорғаушысы Ибраима Конате француз командасының ойыншысына айып алаңы ішінде ереже бұзды. Алдымен төреші пенальти белгіледі, алайда видеоқайталауды көргеннен кейін пенальтиді алып тастады.
Матчтың соңына қарай алаң иелері тағы бір пенальтиге үміттенді, бірақ төреші видеоассистенттің ескертуінен кейін де 11 метрлік соққы белгілемеді.
Қорытынды есеп — 2:0, «Пари Сен-Жерменнің» пайдасына.
Жауапты кездесу бір аптадан кейін, 15 сәуірге қараған түні «Ливерпульдің» стадионында өтеді.
Сондай-ақ 8 сәуірге қараған түні лондондық «Арсенал» Чемпиондар лигасының 1/4 финалындағы алғашқы матчта лиссабондық «Спортингті» жеңді.
Бұдан бөлек, Чемпиондар лигасында «Реал» мен «Бавария» арасындағы матчта үш гол соғылды.
Параллель өткен ойында мадридтік «Атлетико» каталондық «Барселонаны» жеңді.


