Испания футболшылары қауымдастығы Финалиссима-2026 матчін Қатарда өткізуді қауіпсіздікке байланысты сынға алды

Испания футболшылары қауымдастығы Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы аясында Финалиссима-2026 матчін Қатарда өткізуге қарсы шықты.
Ұйым өкілдері кездесуді басқа елге көшіру қажет екенін айтып, ойыншылардың қауіпсіздігі спорттық және коммерциялық мүдделерден жоғары тұруы тиіс екенін атап өтті.
Еске салайық, қазіргі Еуропа чемпионатының жеңімпазы Испания мен Америка кубогының жеңімпазы Аргентина арасындағы матч 27 наурызға жоспарланған. Ойын Қатардағы "Лусаил" стадионында өтуі тиіс. Бұл арена 2022 жылғы әлем чемпионатына арнайы салынған.
Таяу Шығыстағы шиеленіскен жағдайға байланысты Қатар футбол федерациясы ішкі турнирлерді өткізуді уақытша тоқтатты. Сондай-ақ шетелдік ойыншылар мен клуб қызметкерлерінің бір бөлігі елден кеткен.
Испания футболшылары қауымдастығы матч қақтығыс қаупі бар өңірде өтпеуі керек екенін айтып, әуе кеңістігінің қауіпсіздігіне қатысты ықтимал қатерлерге де назар аударды.
БАҚ балама алаң ретінде Еуропадағы стадиондарды — "Уэмбли" (Англия), "Парк де Пренс" және "Стад де Франс" (Франция), "Сантьяго Бернабеу" (Испания), сондай-ақ АҚШ-тағы ареналарды атайды.
Сонымен бірге Қатар билігі қауіпсіздікті қамтамасыз ете алатынын мәлімдеп, матчты өткізу құқығын сақтап қалуға үміттенетінін жеткізді. Финалиссима өтетін орын бойынша түпкілікті шешім әзірге қабылданған жоқ.
Бұған дейін беделді инсайдер Фабрицио Романо португалиялық футболшы Криштиану Роналдудың қайда екеніне қатысты мәлімдеме жасаған. Әлеуметтік желілерде оның Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты Сауд Арабиясынан кеткені туралы болжамдар айтылған.
Сондай-ақ АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде "Интер Майами" командасымен кездесу өткізді. Кездесу барысында аргентиналық Лионель Мессимен сөйлескен кезде америкалық көшбасшы португалиялық Криштиану Роналдуды атап өтті.
“Травма оказалась серьёзной“ — тренер Роналду сделал заявление


