ІІМ 2026 жылдың I тоқсанындағы қызмет қорытындысын шығарды: қылмыс деңгейі 9%-ға төмендеді

ІІМ-де алқа отырысы өтіп, ішкі істер органдарының 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы жедел-қызметтік қызметінің қорытындылары шығарылды.
Тапсырмалар
Ішкі істер министрі Ержан Саденов миграциялық бақылауды дамыту, қылмыстық-атқару жүйесі, ведомстволық білім беру бағыттары бойынша жұмысты күшейтуді және Ұлттық ұланның әлеуетін нығайтуды тапсырды.
Сонымен қатар басым бағыт ретінде қызметтік-әскери тәртіпті күшейту, сондай-ақ жауынгерлік және дене дайындығы деңгейін арттыру белгіленді.
Бұдан бөлек, жеке құрамға бақылауды күшейту, әрбір тәртіп бұзушылыққа қағидатты баға беру және жауапкершіліктің бұлтартпауын қамтамасыз ету тапсырылды.
«Тәртіптің жай-күйі мен өзіне бекітілген учаскелердегі қызмет нәтижелері үшін басшылардың жеке жауапкершілігі атап өтілді», — делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Іс-шара барысында мал ұрлығына қарсы іс-қимылды күшейту де тапсырылды.
«Қылмыс деңгейі төмендеді»
Ведомство дерегінше, көрсетілген кезеңде 2025 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда қылмыс деңгейі 9 пайызға — 2150 қылмысқа төмендеген. Төмендеу барлық негізгі санаттар бойынша, оның ішінде пайдакүнемдік-зомбылық және мүліктік қылмыстар, сондай-ақ жеке адамға қарсы құқық бұзушылықтар бойынша тіркелген.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, рецидивистер, кәмелетке толмағандар, мас күйінде, қоғамдық орындарда және тұрмыста жасалған қылмыстар саны да азайған.
Сондай-ақ ведомство интернет-алаяқтық санының төмендегенін және олардың ашылу деңгейінің артқанын хабарлады. Баспасөз қызметі дерегінше, аккаунттарды бұзу, криптовалюталар, онлайн-қарыздар және жалған интернет-ресурстарға байланысты алаяқтық фактілері азайған.
ІІМ мәліметінше, 3,6 миллионнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, олардың ауыр қылмыстарға ұласуының алдын алуға мүмкіндік берілген. «Таз Қазақстан» аясында 722 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталып, үш мыңнан астам рұқсатсыз қоқыс орны жойылған.
Жол қауіпсіздігі саласында да 3 миллионнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тоқтатылған.


