Ерлан Нысанбаев: Қызыл кітапқа енген қызғалдақ пен бәйшешекті жұлу үшін жаза қатаң

Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтан сирек өсімдіктерді, соның ішінде бәйшешек пен қызғалдақты жұлуға қатысты жаза туралы сұралды.
Министр Қызыл кітапқа енген гүлдерді жою үшін қолданылатын жазаны «қатаң» деп атады.
«Қызғалдақ пен бәйшешекті жұлу үшін бізде қатаң жаза бар, сондықтан мен бұл өсімдіктерді жұлмаған дұрыс деп кеңес беремін. Олар көп емес және бұл тізімге бекер енгізілмеген. Әлемде жыл сайын өсімдіктердің, әрине, жануарлардың да көптеген түрі жойылып кетеді. Кез келген түрдің жоғалуы қайтымсыз теріс салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан табиғатты қорғаңыздар», — деді Нысанбаев.
Нысанбаев Қызыл кітапқа енген гүлдерді жұлу үшін салынатын айыппұлдың нақты мөлшерін атамады. Сондай-ақ министр бұл тізімге тағы қандай гүлдер кіретінін де нақтылаған жоқ.
«Өте үлкен (тізім — ред.), мыңдап саналады, атай алмаймын, мен компьютер емеспін. Бірақ бәйшешек те сирек өсімдіктерге жатады», — деп түйіндеді ол.
Еске салайық, 2025 жылғы сәуірде Түркістан облысында бір әйел Қызыл кітапқа енгізілген жабайы қызғалдақтарды жұлып алған. Оны видеоға түсіріп, бұл жазбаға полиция қызығушылық танытқан. Осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 339-бабы — «Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер түрлерімен заңсыз айналысу» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, Қызыл кітапқа енгізілген сирек және қорғалатын өсімдіктерді жұлу жауапкершілікке әкеледі. Аталған Қылмыстық кодекс бабының санкциясы 3 000 АЕК-ке дейін айыппұлды (2026 жылы шамамен 13 миллион теңге) көздейді.


