Жамбыл облысында мемлекеттік нөмірін әдейі жапқан жүргізуші ұсталды

Жамбыл облысында мемлекеттік нөмірін әдейі жауып, жоғары жылдамдықпен жүруге тырысқан жүргізуші ұсталды.
ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері Hyundai автокөлігін байқап, оның мемлекеттік тіркеу нөміріндегі әріптері қағаз парағымен жасырылғанын анықтаған. Тексеру барысында жүргізушінің Түркістан облысынан екені және нөмірді әдейі жауып, жылдамдықты асырып, камераларға түспеуді көздегені белгілі болды.
Тексеру қорытындысы бойынша құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды. Сот оны көлік құралдарын басқару құқығынан бір жыл мерзімге айырды, сондай-ақ бір тәулікке әкімшілік қамау тағайындады.
Полиция 19 наурыздан бастап Жамбыл облысында "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатқанын да хабарлады. Осы кезеңде заң талаптарын сақтау мен жол қозғалысы қауіпсіздігіне бақылау күшейтілген.
Бұған дейін Астанада арнайы ХҚКО басшысының бұрынғы орынбасары пара үшін жүргізуші куәліктерін жаппай сатқан деген дерек бойынша әшкереленгені хабарланған.
Сондай-ақ алдағы амнистия мас күйінде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылғандарға әсер ете ме деген мәселе де айтылды.


