Әл-Фараби даңғылында қауіпті жарыс ұйымдастырған жүргізушілер ұсталды

Әл-Фараби даңғылында жүргізушілер тобы қауіпті жарыс ұйымдастырып, олардың әрекеті видеоға түсіп қалған. Полицияның қалалық баспасөз қызметі жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Ведомствоның нақтылауынша, әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында Әл-Фараби даңғылында жүргізушілер тобының қауіпті маневрлер жасағаны көрінетін видео анықталған.
Полиция мәліметінше, жазбада өрескел құқық бұзушылықтар тіркелген: қарсы қозғалыс жолағына шығып жүру, апаттық жағдайлар жасау, күрт қайта жолақ ауыстыру («шашки»), қауіпсіздік талаптарын елемеу.
Қатысушылар ұсталды Баспасөз қызметі хабарлағандай, іздестіру бөлімшесінің қызметкерлері барлық қатысушыларды анықтап, ұстаған.
Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Абдинур Тасыбаевтың айтуынша, олар жіберілген құқық бұзушылықтар үшін, соның ішінде қауіпті маневр жасау, қарсы қозғалыс жолағына шығу, апаттық жағдай туғызу, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану, қауіпсіздік белдігін тақпау бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Полиция мұндай әрекеттердің жолда өмірге қауіпті екенін атап өтті. Сондай-ақ ведомство құқық бұзушылықтың уақыты мен тіркелу тәсіліне қарамастан, әрбір заң бұзушылыққа құқықтық баға беріліп, кінәлілер жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.


