СҚО-да құтқарушылар орман шаруашылығы аумағына тараған өртті сөндірді

Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында, Жаңалық ауылының маңында ашық аумақта құрғақ өсімдіктер жанды. Кейін өрт орман шаруашылығының жеріне таралған.

Алдын ала мәліметтер бойынша, өрттің аумағы 7,7 гектарды құрады. Өрт жермен жылдам таралған.
Өртті сөндіру жұмыстары қатты, екпінді желдің салдарынан қиындады. Оқиға орнында штаб құрылып, өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары, орман шаруашылығының қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және ерікті өрт сөндіру жасақтары жұмылдырылды.
Іс-қимылдарды үйлестіру мақсатында оқиға орнынан департаменттің дағдарыс орталығына бейнеконференцбайланыс ұйымдастырылды. Барлық қызметтердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде өрт сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.


