Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты іс бойынша сотта куәгерлер жауап берді

Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. 30 наурызда сотқа куәгер ретінде екі қазақстандық блогер — Дархан Жолшыбеков және Нурбек Нуртаза (Justking) келді.
Ұтыс ойындары және әкімшілік жауапкершілік
Сотта Дархан Жолшыбеков 2024 жылы да ұтыс ойындарын өткізгенін, сондай-ақ электронды коммерция саласында оқытумен айналысқанын айтты. Оның сөзінше, курстарды өзі әзірлеген. Сонымен бірге ол бұған дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын растады.
Мемлекеттік айыптаушы Жолшыбековтен айыпталушылармен ұтыс ойындарын өткізу және ықтимал құқықтық тәуекелдер туралы сөйлескен-сөйлеспегенін нақтылады. Куәгер Ерболат Жанабыловпен байланысы болғанын, бірақ әңгімелердің егжей-тегжейін нақты есіне түсіру қиын екенін жеткізді.
Жанабыловпен болған әңгіме
Осыған байланысты прокурор Дархан Жолшыбековтің 2025 жылғы қарашада тергеу кезеңінде берген жауабын оқып берді. Онда Жолшыбеков пен Жанабылов арасында Жолшыбековке қатысты сот талқылаулары туралы Жанабылов интернеттен білгеннен кейін әңгіме болғаны көрсетілген.
"Иә, бізде шынымен әңгіме болды. Жанабылов Ерболат интернеттен менде сот тартыстары болғанын көрді. Ол маған қандай жаза берілгенін сұрады, мен әкімшілік жауапкершілікке тартылғанымды айттым. Осы ұтыс ойындары үшін мені экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері шақырғанын айттым. Сол кезде мен онымен (Ерболат Жанабыловпен) жиі сөйлесіп жүрдім", — делінген Жолшыбековтің бұрынғы жауабында.
Сот сұрақтарына жауап бере отырып, Жолшыбеков бұрынғы жауабының мазмұнын нақты есіне түсіре алмайтынын, бірақ одан бас тартпайтынын айтты.
Ал блогер Нурбек Нуртаза (Justking) — бұған дейін ұтыс ойындарын өткізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған — сотта Жанабыловтармен мұндай әңгімелер болмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Жанабыловтар одан ықтимал жаза немесе құқықтық салдар туралы сұрамаған.
Блогерлер арасындағы қарым-қатынас және ықтимал жанжал
Сотта блогерлер арасындағы қарым-қатынас және ықтимал келіспеушіліктер де талқыланды. Айыпталушылардың адвокаты Гаухар Айтжанованың сұрақтарына жауап берген Дархан Жолшыбеков Жанабыловтармен алты жылдан астам таныс екенін айтты.
Куәгер айыпталушыларға қатысты өшпенділік сезімі жоқ екенін атап өтті. Дегенмен, Ерболат Жанабыловпен арада кейбір келіспеушіліктер болғанын мойындады.
"Толегеновамен болған жоқ, Ерамен (Ерболат Жанабылов — ред.) болып тұратын. Ер адамдар ғой, болады", — деді Жолшыбеков.
Адвокат сондай-ақ 2025 жылғы 29 наурызда әлеуметтік желілерде көрсетілген жанжал туралы еске салды. Куәгер бұл фактіні растады.
Іс бойынша алдыңғы сот отырыстары
Еске салайық, 18 наурызда сот алдыңғы отырысқа келмеген блогерлер Жолшыбеков пен Нуртазаға қатысты мәжбүрлеп әкелу шарасын қолдану туралы қаулы шығарған.
16 наурызда Астанада блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегеноваға қатысты негізгі сот талқылауы басталды. Танымал блогерлерге заңсыз кәсіпкерлік, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақша және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату) айыптары тағылған.
Жанабылов пен Толегенова судьяның кінәні мойындайсыздар ма деген сұрағына жауап беруден бас тартты.
Бұған дейін сотта прокурордың аға көмекшісі Олжас Хайруллаев айыптау актісін оқыды. Онда Жанабыловтардың акциялар аясында көрсеткен жүлделері мен сыйлықтары қатысушылардың ақшасына алынғаны, ал жарнамада жүлде қоры ұйымдастырушылардың өз қаражатынан қалыптасатындай әсер берілгені айтылған. Тергеу дерегіне сәйкес, акциялар кезеңінде блогерлер жобасына байланысты шоттарға 247 миллион 653 мың теңге түскен.
Алғашқы куәгерден жауап алу кезінде айыпталушылардың адвокаты мен прокурор дауысын көтеріп сөйлесіп, бір-біріне ескерту жасауды сұраған.
Бұған дейін сотта іс бойынша алғашқы куәгер — "сәттілік барабаны" деп аталатын құрал орналастырылған сайттың әзірлеушісі — жауап берген.
13 наурызда Астанада осы іс бойынша алдын ала сот отырысы өтті. Блогерлердің адвокаты сот талқылауын жабық режимде өткізуді сұрап, прокурорлар қарсы болды. Сот өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
Ерболат Жанабылов пен Эльмира Толегенова журналистердің сот тыңдауларында оларды видеоға түсіруіне және суретке түсіруіне қарсы шықты.
"Менің үлкен балам мектепке барады, балама жеке өмірімізге қатысты орынсыз сұрақтар қояды", — деп түсіндірді Толегенова.
Сонымен қатар сот отырысында Жанабыловтардың адвокаты істі прокурорға қайтаруды сұрады.
Читайте также: Почему блогеры Жанабыловы ходят в кино и ТРЦ, несмотря на домашний арест


