Қазақстанның бірнеше өңірінде шетелдіктерге арналған жаңа казинолар ашылуы мүмкін

Қазақстанның бірнеше өңірінде жаңа казино ашу жоспарланып отыр, алайда олар тек шетелдіктерге арналған болады. Бұл өзгерістер туристік саланы және балалар спортын қолдауға қатысты қабылданған түзетулер аясында ойын бизнесі туралы заңға енгізілді.
Не болды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша түзетулерге қол қойды. Аталған түзетулер ойын бизнесі туралы заңға өзгерістер енгізіп, жаңа казино, ойын автоматтары залдары және букмекерлік кеңселер ашуға қатысты нормаларды қамтиды.
Жаңа ойын аймақтары қай жерде пайда болуы мүмкін
Заңның жаңа редакциясына сәйкес, казино, ойын автоматтары залдары, букмекерлік кеңселер және тотализаторлар мына аумақтарда орналасуы мүмкін:
- Маңғыстау облысы — Каспий теңізі жағалауы;
- Жетісу облысы — Панфилов ауданы және Алакөл көлі жағалауы;
- Алматы облысы — Талғар ауданы;
- Шығыс Қазақстан облысы — Марқакөл ауданы және Зайсан ауданы.
Казиноларға кімдер кіре алады
Аталған нысандар салынғаннан кейін, бұл мекемелерге тек:
- шетелдіктер;
- азаматтығы жоқ адамдар;
- ойын мекемесінің қызметкерлері;
- сондай-ақ еңбек (қызметтік) міндеттерін орындауына байланысты ойын мекемесінде болатын өзге тұлғалар
жіберіледі.
Еске салайық, Қазақстанда заңды ойын аймақтары ретінде тек Алматы облысындағы Қонаев қаласы және Ақмола облысындағы Щучинск ауданы (әкімдіктер айқындаған аумақтар шегінде) белгіленген.
Өткен жылдың желтоқсанында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов шетелдіктерге арналған әрбір жаңа казино жылына бюджетке 2–3 миллиард теңге көлемінде салық түсімін әкеліп, шамамен 500 жұмыс орнын қамтамасыз ететінін айтқан болатын.


