Reddit-тегі Flags of the World турнирінде Қазақстан туы ең әдемі деп танылды

Қазақстан туы әлемдегі ең әдемі ту ретінде танылды. Reddit платформасында Flags of the World атты ауқымды онлайн-турнир аяқталып, желі қолданушыларының дауыс беру нәтижесі бойынша қазақстандық ту бірінші орынға шықты.
r/flags атты тақырыптық қауымдастықта Reddit пайдаланушылары ресми түрде танылған мемлекеттердің ішінен ең үздік туды таңдаған. Финалда Қазақстанның көгілдір түсті туы Океаниядағы мемлекет — Кирибати туын басып озды.
Осы уақытта Reddit-те тағы бір байқау басталды: пайдаланушылар әлемдегі ең үздік елтаңбаны таңдауда. Қазақстан 26-топқа енгізілген. Бұл топта Қазақстанмен бірге мына елдер ұсынылған:

- Қырғызстан;
- Тәжікстан;
- Өзбекстан;
- Ауғанстан;
- Моңғолия;
- Пәкістан;
- Мальдив аралдары.
Платформа қолданушылары әлем елдері арасындағы ең әдемі мемлекеттік елтаңбаны анықтау үшін дауыс беруді жалғастырып жатыр.
Сондай-ақ жуырда Мәдениет және ақпарат министрлігінде мемлекеттік туды автокөлікті безендіру үшін қолдануға бола ма деген мәселеге түсініктеме берілгені айтылды.


