Алматы тауларында Башута шыңынан түсу кезінде бағытынан жаңылған екі жасөспірім құтқарылды

Алматы тауларында ТЖМ құтқарушылары Башута шыңынан түсу кезінде бағытынан жаңылған екі жасөспірімді іздеу және түсіру бойынша құтқару операциясын жүргізді.
⛰️ Құтқарушылардың мәліметінше, 2009 жылы туған қыз және 2008 жылы туған жасөспірім бағдарынан адасып, соқпаққа өз бетінше шыға алмаған.
🧭 Оқиға орнына №23 әмбебап құтқару бөлімшесінен Құтқару қызметінің кезекші тобы және ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының бригадасы шықты. «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортына жеткен құтқарушылар «Кіші айналма» бағытына қарай бет алып, берілген координаттар бойынша жасөспірімдерді тапты.
✅ Тексеруден кейін құтқарушылар оларды төменге дейін алып түсіп, «Шымбұлақ» ТШК аумағына жеткізді. Түсу барысында бойжеткен іш ауыруына шағымданды. «Шымбұлақта» күтіп тұрған ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері оны тексеріп, Алматы қаласының ауруханасына жеткізді.






