Жезқазғанда ер адам үшінші мен екінші қабаттың арасында ілініп қалып, полиция көмегімен құтқарылды

🚨 Жезқазған қаласында 6 сәуір күні сағат 22:27-де кезекші бөлімге Росков көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінде ер адамның үшінші мен екінші қабаттың арасында ілініп тұрғаны туралы хабарлама түсті. Оның кез келген сәтте құлап кету қаупі болған.
42 жастағы қала тұрғыны қиын жағдайда қалған: төменге секіру тым қауіпті болған, ал жоғарыға қайта көтерілуге шамасы жетпеген. Уақыт өткен сайын оның күш-қуаты да сарқыла бастаған.
Оқиға орнына шұғыл жеткен полиция қызметкерлері жағдайдың күрделілігін бағамдап, жедел әрекет еткен. Үшінші қабаттағы пәтердің есігін ешкім ашпаған соң, олар төменгі қабаттағы көршілер арқылы көмек көрсету туралы шешім қабылдаған.
Полицейлердің бірі тәуекелге барып, екінші қабаттың терезесінен еңкейіп, ілініп тұрған азаматты аяғынан ұстап қалған. Ал оның әріптесі полицейдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, белінен мықтап ұстап тұрған. Үйлесімді әрі жедел әрекеттің нәтижесінде бірнеше секунд ішінде ер адам құтқарылған.
Кейін анықталғандай, бұл суицид әрекеті болмаған. Ер адам өз пәтерінде қамалып қалып, сыртқа шығудың амалы ретінде терезеден түспек болған, алайда өз мүмкіндігін дұрыс бағаламаған.
Полиция қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби іс-қимылының арқасында қайғылы жағдайдың алды алынған.
Тәртіп сақшылары азаматтарды сақ болуға шақырады: егер есік жабылып қалса, өз бетінше қауіпке бармай, арнайы мамандардың көмегіне жүгінген жөн. Себебі асығыс әрі ойланбай жасалған әрекет өмірге қауіп төндіруі мүмкін.
#БІЗДІҢПОЛИЦИЯ


