Artemis II миссиясы: «Орион» кемесі төрт астронавтпен Айға ұшуға сәтті ұшырылды

Artemis II («Артемида-2») пилотталған ай миссиясы төрт астронавт мінген «Орион» ғарыш кемесімен Флоридадағы (АҚШ) Канаверал мүйісінде орналасқан Кеннеди атындағы ғарыш орталығының 39А старт алаңынан сәтті ұшырылды.
Ұшыру сәрсенбі, 1 сәуір күні АҚШ-тың Шығыс жағалауы уақытымен 18:35-те өтті (Қазақстан уақытымен 2 сәуір, 03:35).
Сол күні бұған дейін NASA мәліметінше, әлемдегі ең ірі Space Launch System (SLS) зымыран-тасығышы 5 сағат бойы 2,65 миллион литрден астам криогендік отынмен толтырылған. Жанармай құйылғаннан кейін оның массасы шамамен 2,6 мың тонна болған.
«Орион» экипажы құрамында Рид Уайзман, Джереми Хансен, Кристина Кох және Виктор Гловер бар. Виктор Гловер ай миссиясына қатысқан алғашқы афроамерикалық, ал Кристина Кох — ай миссиясына қатысқан алғашқы әйел-астронавт атанды. Экипаж 10 күн ішінде Айды айналып ұшып, кейін Жерге оралуы тиіс.
Бастапқыда «Орионның» ұшырылымы 2026 жылғы наурызға жоспарланған еді. Алайда 21 ақпанда NASA баспасөз қызметі оның «белгісіз мерзімге» кейінге шегерілгенін хабарлаған. Инженерлер SLS зымыран-тасығышында гелий беру жүйесіне қатысты ақауларды анықтаған, дәл осы зымыран кемеcін Жер маңындағы орбитаға шығаруы керек болатын.
Artemis II миссиясына дайындық үшін SLS зымыран-тасығышы «Орион» кемесімен бірге Флоридадағы старт алаңына 20 наурызда орнатылған.
Бұл жолғы «Орион» ұшырылымы АҚШ-тың жаңа ай бағдарламасы тарихындағы екінші кезең болды. 2022 жылғы желтоқсанда бағдарламаның алғашқы кезеңі — «Артемида-1» аяқталған: «Орион» ұшқышсыз сынақ режимінде Айға ұшып, оның орбитасында бірнеше апта болып, кейін Жерге қайтқан.
Бағдарламаның үшінші кезеңі — «Артемида-3» аясында 50 жылдан астам уақыттан кейін адамдардың Айға қайта қонуы жоспарланған.
NASA 2019 жылы «Артемида» бағдарламасының құрылғанын жариялаған. Бағдарламаның мақсаты — АҚШ-тың Айға қайта оралуы; бұл тұрақты пилотталған миссияларды және Марсқа ұшулар үшін аралық база құруды көздейді.


