Балалар биологиялық орталығында келушілер арыстандар вольеріне тас лақтырған: полиция тексеріс бастады

Облыстық балалар биологиялық орталығында бірнеше ересек ер адам балалардың қатысуымен арыстандар вольеріне тас лақтырған. Оқиғаға қатысты видео биологиялық орталықтың әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланып, қоғамда кең резонанс тудырды.
Жазбада бірнеше ер адамның жерден тас көтеріп, оны арыстандар тұрған вольерге лақтырғаны көрінеді. Биологиялық орталықтың мәліметінше, мұндай жағдайлар жиілеп, алаңдаушылық туғызып отыр.
Орталық жарияланымында бұл әрекет «зиянсыз мінез-құлық емес», жануарларға қатыгездік көрсету екені айтылған. Сондай-ақ ересек адамның жануарға тас лақтыруы балаларға ауырсыну келтіруді қалыпты нәрсе ретінде көрсетуі мүмкін екені, балалардың сөзден емес, әрекеттен үйренетіні және мұндай мысалдың жалған әрі қауіпті екені атап өтілген.
Жарияланымнан кейін әлеуметтік желі қолданушылары пікірлерде тас лақтырған келушілерді анықтауды талап еткен. Абай облысы полиция департаменті тексеріс бастағанын хабарлады.
Полицияның мәліметінше, қазіргі уақытта бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп, ықтимал куәгерлер анықталып, сұралып жатыр. Қатысы бар адамдар анықталғаннан кейін олардың әрекеттеріне қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға берілмек.


