13 сәуірден бастап еңбек мигранттарына жұмысқа рұқсат беру қызметі ХҚКО-ларда тоқтатылады: өтінім тек онлайн қабылданады

13 сәуірден бастап Қазақстанда еңбек мигранттарына жұмысқа рұқсат беру және оны ұзарту бойынша мемлекеттік қызмет ХҚКО-ларда көрсетілмейді — өтінім беру тек онлайн форматқа ауыстырылады.
Қызмет толықтай онлайнға көшіріліп, енді тек eGov.kz немесе migration.enbek.kz порталдары арқылы қолжетімді болады.
Жаңа тәртіп бойынша шетел азаматтары Қазақстан аумағында үй шаруашылығында жеке тұлғаларға жұмысқа орналасу үшін рұқсатты онлайн рәсімдей алады немесе оның мерзімін ұзарта алады. Сонымен қатар кейбір құжаттарды енді қолмен жүктеу талап етілмейді: мысалы, медициналық анықтама мен сақтандыру деректері мемлекеттік жүйелерден автоматты түрде алынады.
Электрондық үкімет порталында еңбек мигранттарына рұқсат беру қызметі бойынша «барлық қажетті интеграциялар, соның ішінде медициналық тексеруден өту, сақтандыру және салық төлемдерін автоматты тексеру» іске асырылғаны айтылды.
Бірінші вице-министр Ростислав Коняшкиннің айтуынша, 13 сәуірден бастап бұл қызметті ХҚКО арқылы көрсету тоқтатылады, ал өтінім беру тек egov.kz немесе migration.enbek.kz арқылы жүзеге асырылады.
Рұқсатты беру немесе ұзарту туралы шешімді аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктері аумақтық ішкі істер органдарымен келісуден кейін қабылдайды. Рұқсат еңбек мигранттарын тартуға белгіленген квота шегінде 1 айдан 12 айға дейінгі мерзімге беріледі.
Қосымша ақпарат порталдарда және eGov.kz-тің әлеуметтік желілерінде қолжетімді.


