Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде подъезде қолына қан жұққан ер адам топормен жүрген

Желіде Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде түсірілген жантүршігерлік видео тарады.

Видеода қолы қанға боялған, қолында топоры бар ер адам подъезд ішінде жүргені көрінеді. Видеодағы жазбада «кісі өлтіру» туралы айтылғанымен, полиция оқиғаның мән-жайын басқаша түсіндірді.
Полицияның айтуынша, видеодағы ер адам танысының пәтерінде болған, ол жерде жөндеу жұмыстары жүріп жатқан. Екеуі алкоголь ішкен. Отырыстан кейін ер адам агрессивті мінез танытып, қолына топорик алған. Кейін подъезге шығып, әйнекті зақымдаған, соның салдарынан өзі кесілген жарақат алған.
Полиция 31 жастағы қоғамдық тыныштықты бұзған ер адамды ұстады. Оған медициналық көмек көрсетілді. Басқа тұрғындар зардап шеккен жоқ.
Ер адам ұсақ бұзақылық жасағаны және қоғамдық орынға мас күйде шыққаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол 15 тәулікке қамауға алынды.

