Астанада А. Бөкейхан көшесінен №9 емханаға дейінгі жол 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін жабылады

Астанада 2026 жылғы 15 сәуірден 1 қыркүйекке дейін А. Бөкейхан көшесінен қалалық №9 емханаға дейінгі учаскеде көлік қозғалысы толық шектеледі.
Шектеу елордадағы «Мәңгілік Ел даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысы ауданында көшелер салу» жобасы аясында енгізіліп отыр.
Әкімдік мәліметінше, аталған учаскедегі қозғалыс инженерлік желілері бар көшені күрделі салу жұмыстарына байланысты жабылады. Емханаға кіру Мәңгілік Ел даңғылы жағынан жүзеге асырылады.
Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден маршруттарын алдын ала жоспарлап, қозғалысты ұйымдастырудағы ықтимал өзгерістерді ескеру сұралады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қолайсыздықты азайту үшін уақытша жол белгілері мен бағыттаушы көрсеткіштер орнатылады.
Бұған дейін Астананың көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы 2026 жылғы жол-құрылыс жұмыстары маусымының басталғанын хабарлаған. Осыған байланысты көше-жол желісінің жекелеген учаскелерінде қозғалысқа уақытша шектеулер енгізілетіні айтылған.



