Зеленский: АҚШ-пен кездесудегі басты мақсат — соғысты аяқтау жөніндегі үшжақты келіссөздерге дайындық

Украина президенті Владимир Зеленский 21 наурыз, сенбі күні АҚШ тарапымен жоспарланған кездесуде украин делегациясының басты міндеті — соғысты ықтимал аяқтау мәселесі бойынша Ресей делегациясы қатысуы мүмкін болашақ үшжақты келіссөздерді дайындау екенін мәлімдеді.
Бұл туралы ол 20 наурыз, жұма күні журналистерге айтты.
«Басты міндеттері — үшжақты кездесулерді жалғастырудың нақты параметрлері. Екіншісі — тиісті кездесулерге дайындық, құжаттардың дайындығы», — деді мемлекет басшысы.
Зеленскийдің айтуынша, АҚШ, Украина және Ресей қатысатын келіссөздердің жалғасуы Ирандағы соғысқа байланысты бірнеше рет кейінге қалдырылған. Украина оларды қайта жандандыруға ұмтылып, нақты күндерді алуға үміттенеді.
«Көбірек нақтылық керек», — деп атап өтті украин көшбасшысы.
Украин делегациясының АҚШ-қа сапары барысында америкалық тараппен PURL бағдарламасын (Prioritised Ukraine Requirements List, «Украина үшін басым сұраныстар тізімі») жалғастыру мәселесі де талқыланбақ. Бұл бағдарлама аясында НАТО-дағы серіктестер Украина қажеттілігі үшін АҚШ-та өндірілген қару-жарақты, соның ішінде Patriot әуе қорғанысы жүйелеріне арналған зымырандарды сатып алады.
Сонымен қатар Зеленскийдің сөзінше, делегация америкалықтармен «дрондық мәміле» туралы да сөйлеседі. Бұл — Украина ұсынған келісім: Киев Вашингтонмен ұрыста сыналған ұшқышсыз аппараттардан қорғану технологиясымен бөлісіп, оның орнына қаржыландыру мен баллистикалық зымырандардан қорғануға арналған тапшы қорғаныс жүйелерін алуды көздейді.
Зеленскийдің пікірінше, Киевке Вашингтонмен диалогты «тығыз форматта» жалғастыру қажет. Ол мұны АҚШ әкімшілігінің ресейлік мұнайға қатысты санкцияларды алып тастау жөніндегі жуырдағы шешімімен де байланыстырды.
«Бұл — біз үшін тәуекелдің бәрі, бұл — Ресейге түсетін ақшаның көбеюі және кейін майдандағы мүмкіндіктерінің артуы. Бұл қауіпті, және менің ойымша, біздің кездесуіміз осы тұрғыдан да маңызды», — деді ол.
Украина көшбасшысының айтуынша, келіссөздер барысында соғысты болашақта аяқтауға арналған екіжақты құжаттар бойынша жұмыс та жалғасады. Олардың ішінде қауіпсіздік кепілдіктері мен Украинаны қалпына келтіру мәселелері бар.
Бұған дейін Зеленский соғысты аяқтау жөніндегі келіссөздердің келесі раундын жариялаған, алайда ол ресейлік тарап өкілдерінсіз өтетіні айтылған.
Сондай-ақ 13 наурызда Украина президенті Вашингтон мен Мәскеудің Украина, АҚШ және Ресей қатысатын келесі үшжақты келіссөздердің күні мен өтетін орны бойынша ұстанымдары әртүрлі екенін хабарлаған.
Зеленскийдің сөзінше, украин делегациясы Майамиға немесе Вашингтонға ұшып келуге дайын болған, бірақ ресейлік тарап бұдан бас тартып, Түркияны немесе Швейцарияны ұсынған. Алайда бұл нұсқаларды америкалықтар қауіпсіздік себептерімен АҚШ-тан шығудан бас тартқандықтан қабылдамаған.
Соңғы айларда соғысты ықтимал аяқтау жөніндегі үшжақты форматтағы келіссөздер бірнеше рет өткізілгенімен, осы кездесулер барысында бейбітшілікке қарай ілгерілеуге әзірге қол жеткізілмеген.


