Қазақстанда Алатау қаласын салу аясында әуе такси мен квадропорттар іске қосылмақ

Қазақстанда Алатау қаласын салу аясында әуе такси мен квадропорттар іске қосылуы мүмкін. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді.
Бозымбаевтың айтуынша, әуе көлігін (аэротакси) Алатау, Алматы және туристік локациялар арасында іске қосу жоспарланған. Осы мақсатта квадропорттар салынады. Жобаны алдағы 2–3 жылда сынақтан өткізу көзделіп отыр.
Анықтама: Квадропорттар – аэротакси мен дрондардың ұшып-қонуы және қызмет көрсетуі үшін арналған арнайы алаңдар. Онда әдетте тік ұшып-қону алаңдары, жолаушылар күту аймақтары, электр аппараттарына арналған зарядтау станциялары және ұшуды басқару жүйесі болады.
Бозымбаевтың түсіндіруінше, квадропорттар салынғаннан кейін Алатау, Қонаев, Алматының бірнеше нүктесі және туристік дестинациялар арасында әуе қатынасы жолға қойылмақ.
Оның сөзінше, турист әуежайға келіп, одан әрі Медеуге, кейін таулы кластердің кез келген нүктесіне ұша алады. Бозымбаев аэротаксилердің жылдамдығы шамамен 300–350 км/сағ болуы мүмкін екенін айтып, әуе арқылы жол жүру 10–15 минут алатынын жеткізді.
Бозымбаевтың айтуынша, қазірдің өзінде саладағы әлемдік көшбасшылармен келіссөздер жүргізіліп, келісімдерге қол қойылған. Атап айтқанда, америкалық Joby және Қытайдың AutoFlight компанияларымен ынтымақтастық қарастырылған. AutoFlight мұндай жобаларды Шэньчжэньде жүзеге асырып жатқаны айтылды.
Анықтама: Joby Aviation — әуе таксилерін әзірлейтін америкалық компания. Компания тік ұшып-қону мүмкіндігі бар төрт орындық ұшу аппаратын дамытып келеді.
Бозымбаев АҚШ-тағы компанияны осы саланың көшбасшыларының бірі деп атап, олардың аэротаксилеріне 15 жылға кезек бар екенін айтты. Сондай-ақ AutoFlight-ты электрлі аэротакси немесе жүк дрондарын әзірлеудегі жаһандық көшбасшылардың қатарына қосты. Оның сөзінше, бұл бағыт Қазақстанда сынақтан өткізіледі.
Биліктің бағалауынша, әлеуетті туристік ағын жылына шамамен 8 миллион адамға жетуі мүмкін.
Ерекше мәртебесі бар қала
Өткен жылдың қыркүйегінде Алатау ерекше мәртебе алды. Президент бұл мәртебе қаланың елге тиесілігін өзгертпейтінін, тек дамуға арналған жекелеген шарттарға қатысты екенін түсіндірген.
Әңгіме қаржылық басқару, салық және сот рәсімдері салаларындағы арнайы ережелер туралы. Бұл инвесторларды тарту және бизнесті жүргізуді жеңілдету үшін қажет екені айтылды.
Президенттің сөзінше, мұндай режим Қазақстанның инвестиция үшін ашық әрі тұрақты ел екенін, ережелері түсінікті және ашық екенін көрсетуі тиіс. Сонымен бірге қалада ешқандай "ерекше автономия" болмайтыны атап өтілген.

Контекст
Алатау қаласы Қазақстанда 2024 жылы — Жетіген ауылының базасында пайда болды. Үкімет оның бас жоспарын бекітті.
Сонымен қатар Іле және Талғар аудандарының, сондай-ақ Қонаев қаласының шекаралары өзгертіліп, аумақтардың бір бөлігі жаңа қаланың құрамына енгізілді.
Қала инвестиция тарту нүктесіне, іскерлік белсенділік пен инновацияның жаңа орталығына айналуы тиіс. Ірі халықаралық компаниялармен көпмиллиардтық келісімдер жасалғаны айтылды. Солардың бірі Шэньчжэнь технополисін дамытуға қатысқан және енді Alatau City жобасында жұмыс істемек.
Alatau City туралы "цифрлық қала" деп айтылады, алайда бұл тек қолма-қол ақшаның болмауы немесе жүргізушісіз таксимен шектелмейді.
Қарапайым тілмен айтқанда, бұл — жолдар, көлік, жарық, коммуналдық қызметтер және тұрғындарға арналған сервистер сияқты жүйелердің барлығы заманауи технологиялар арқылы жұмыс істейтін қала. Жүйелер "ақылды" болады: деректерді өздігінен талдап, тиімдірек жұмыс істеуі көзделеді.


