Ақтаудағы кондитерлік дүкенде ер адам жиһазды сындырып, әкімшілік құқықбұзушылық бойынша хаттама толтырылды

Әлеуметтік желілерде Ақтаудағы кондитерлік дүкендердің бірінде ер адамның жиһазды сындырып жатқан сәті түсірілген видео жарияланды.
Видеода ер адамның айқайлап, үстелді сындырып, мекеме қызметкерлері мен келушілерді шошытқаны көрінеді.
Пайдаланушылардың мәліметінше, ер адам жұбайын іздеген.
Оқиға бейсенбі күні күндіз 34-шағынауданда орналасқан кондитерлік дүкенде болған. Оқиға орнына келген полицейлер ғимаратқа белгісіз ер адамның кіріп, өзін адекватсыз ұстағанын, қатты балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзғанын анықтаған. Сонымен қатар ол мекеменің мүлкіне зақым келтірген.
Әкімшіліктің айтуынша, келтірілген шығын өтелген. Мекеме иесі арыз жазудан бас тартқан. Құқықбұзушының жеке басы анықталып, оған қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабы (ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.
Бұған дейін Ақтаудың 4-шағынауданындағы №25 үй тұрғындары табиғатқа қатысты вандализм әрекетіне тап болғаны хабарланған. Аулаға көрік беріп, күннен қорған болған шамамен 40 ересек ағашты белгісіз адамдар бүлдірген.
Қалалық әкімдік жағдайға қатысты пікір білдіріп, өкілдері ТКШ бөлімінің қызметкерлері жақын уақытта аталған мекенжайға барып, егжей-тегжейлі тексеру жүргізетінін мәлімдеген.
Сондай-ақ: Ақтауда кішкентай баланың автожолмен жүгіріп бара жатқаны байқалды


