Ақ үй: Трамп Иран келісімге келмесе «нағыз тозақ орнатуға» дайын

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран Таяу Шығыстағы қақтығысты реттеу жөніндегі келісімге келіспесе, Иранға қатысты «тозақ орнатуға» дайын. Бұл туралы сәрсенбі күні өткен брифингте Ақ үй өкілі Кэролайн Левитт мәлімдеді.
Левитттің айтуынша, егер Иран «шынайы жағдайды қабылдай алмаса», «жеңілгенін түсінбесе» және «бұдан әрі де жеңіліске ұшырай берсе», онда президент Трамп «бұрын-соңды көрмеген күшпен соққы жасалуын қамтамасыз етеді».
Ол сондай-ақ Трамптың «блеф жасамайтынын» айтып, «нағыз тозақ орнатуға дайын» екенін жеткізді. Левитттің сөзінше, Иран «тағы да қателеспеуі тиіс».
Левитттің мәлімдеуінше, Иранның мемлекеттік БАҚ-тары Тегеран Вашингтонның соғысты тоқтату жоспарын қабылдамады деп хабарлағанына қарамастан, АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер жалғасып жатыр.
«Келіссөздер жалғасуда. Олар өнімді», — деді ол. Сонымен бірге Левитт АҚШ-тың 15 тармақтан тұратын жоспарының егжей-тегжейі туралы БАҚ-тағы хабарламаларда «сенімді элементтер барын» атап өтті.
Өз кезегінде Иранның сыртқы істер министрі АҚШ ұсыныстары қарастырылып жатқанын мәлімдеді, алайда «делдалдар арқылы хабар алмасу келіссөз жүргізуді білдірмейді» деді. Аббас Аракчи Ислам Республикасы «қарсылықты жалғастыратынын» айтып, соғысты «өз шарттарымен аяқтағысы келетінін» жеткізді.
Сол күні, сәрсенбіде, Иран парламентінің спикері Мохаммад-Багер Галибаф «елдің арнайы қызметтері Иранның жаулары өңірдегі мемлекеттердің бірінің қолдауымен Парсы шығанағындағы иран аралын басып алуға дайындалып жатыр» деп баяндағанын айтты. Оның сөзінше, мұндай жағдайда «сол елдің бүкіл өмірлік маңызды инфрақұрылымы тоқтаусыз шабуылдардың нысанасына айналады».


