Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістандағы «Керуен-сарай» кешенінде Наурыз мерекесіне арналған іс-шараларға қатысты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласындағы «Керуен-сарай» кешеніне барып, Наурыз мерекесіне арналған мерекелік іс-шараларға қатысты.
Мемлекет басшысына Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын танытатын тақырыптық бағдарлама ұсынылды. Онда керамика және ағаш шеберлерінің жұмыстары, тігін және зергерлік өнер үлгілері, былғары бұйымдар, сондай-ақ ұлттық дәстүрлердің байлығы мен алуан түрлілігін көрсететін суретшілер туындылары таныстырылды.



Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спорт ойындары өткен алаңдарды аралап көрді.

Іс-шара барысында жекпе-жек элементтері (қазақ күресі), ауырлық көтеру сайыстары, қол күресі, асық ату, арқан тарту, тоғызқұмалақ, ләңгі тебу және қошқар көтеру және басқа да ойындар көрсетілді.












Президент сондай-ақ «Керуен-сарай» кешені аумағында өткен концертке барды. Көрермендерге көктем мен жаңару атмосферасын бейнелейтін концерттік бағдарлама ұсынылды.
Сахнадан қазақтың ұлттық өнері мен заманауи музыканың туындылары орындалды. Бағдарламаға хореографиялық қойылымдар мен оркестр сүйемелдеуімен музыкалық нөмірлер де енгізілді.
Концертке мәдениет саласының белгілі қайраткерлері, эстрада және классикалық өнер жұлдыздары, ұлттық ансамбльдер мен би ұжымдары қатысты.







