Иран билігі Трамптың Ормуз бұғазына қатысты ультиматумына жауап берді

Иран билігі АҚШ президенті Дональд Трамптың Ормуз бұғазына қатысты ультиматумына жауап берді.
Бұған дейін Трамп Иран Ормуз бұғазын 48 сағат ішінде бұғаттан шығаруы тиіс екенін айтқан. Әйтпесе Ақ үй басшысы елдің энергетикалық нысандарын жоюмен қорқытты.
"Егер Иран осы сәттен бастап 48 сағат ішінде Ормуз бұғазын толық әрі қауіп-қатерсіз ашпаса, АҚШ соққы беріп, бұл елдің әртүрлі электр станцияларын, ең ірісінен бастап, жояды!" — деп жазды америкалық президент TruthSocial әлеуметтік желісінде.
Иран парламентінің төрағасы Мохаммад-Багер Галибаф өз елінің электр станцияларына шабуыл жасалған жағдайда, бүкіл өңірдің энергетикалық және мұнай инфрақұрылымына дереу жауап соққылары берілетінін мәлімдеді.
"Өңір бойынша маңызды, сондай-ақ энергетикалық және мұнай инфрақұрылымдары заңды нысана ретінде қарастырылады. Олар қайтарымсыз жойылады, ал мұнай бағасы ұзақ уақыт бойы өсе береді", — деп жазды Галибаф жексенбі күні, 22 наурызда, Х әлеуметтік желісінде.
Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) өкілдері де Ақ үй басшысының талаптарына жауап ретінде Иранның энергетикалық инфрақұрылымына шабуыл жасалған жағдайда, өңірдегі "АҚШ пен режимнің барлық энергетикалық, IT және тұщыландыру нысандары нысанаға айналатынын" айтты.
Иран қарулы күштерінің "Хатам-аль-Анбия" орталық штабы Трамптың мәлімдемесіне жауап ретінде Ормуз бұғазын толық жабумен қорқытты.
"Егер АҚШ Иранның электр станцияларына қатысты өз қоқан-лоққысын жүзеге асырса, Ормуз бұғазы толық жабылады және біздің қираған электр станцияларымыз қалпына келтірілмейінше ашылмайды", — делінген мемлекеттік телеарна арқылы таратылған ирандық әскери мәлімдемеде.
Әлемдік мұнай мен сұйытылған газ тасымалының шамамен 20 пайызы өтетін Ормуз бұғазы АҚШ пен Израильге қарсы соғыс басталғаннан кейін Иран армиясы тарапынан іс жүзінде бұғатталған. Иран сондай-ақ Парсы шығанағы өңіріндегі бірқатар елдердің мұнай нысандарына және мұнай танкерлеріне соққы жасап жатыр, бұл әлемде энергия тасымалдаушылар бағасының күрт өсуіне алып келді.
Федералдық резерв жүйесінің Даллас банкі есептеуінше, Ормуз бұғазының бұғатталуы маусым айының соңына дейін сақталса, екінші тоқсандағы әлемдік экономикалық өсім жылдық мәнде 2,9 пайыздық тармаққа төмендейді. Ал бұғаз осы жылдың үш тоқсаны бойы жабық қалса, сарапшылардың болжамынша, жыл соңына қарай бір баррельдің құны 132 долларға жетуі мүмкін.


