Қызылордада Сталин каналы бойындағы құрғақ шөп өрті қысқа мерзімде сөндірілді

Бүгін күндіз Қызылорда облысы ТЖД-нің «112» пультіне Қызылорда қаласы, Саяхат шағынауданы, Сталин каналы бойында құрғақ шөптің жанып жатқаны туралы хабарлама түсті.

Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына келген кезде шөп жамылғысы, ағаштар мен қалың өсімдіктердің қарқынды жануы байқалып, өрттің жақын орналасқан әкімшілік және жеке тұрғын үйлерге таралу қаупі болған.
Канал бойындағы жану ошақтарын сөндіру үшін қайық тартылып, қабылданған жедел шаралардың арқасында өрт қысқа мерзімде сөндірілді. Бұл өрттің таралуына және ғимараттар маңында ірі өрттердің туындауына жол бермеуге мүмкіндік берді.
Жүргізілген іс-шаралар барысында кінәлі тұлға анықталды. Оған қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 336-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
ТЖМ ескертеді: өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаңыз 🔥, құрғақ өсімдіктерді өртеуге жол бермеңіз және ашық от көздерін қараусыз қалдырмаңыз.


