Президент: «Заң мен тәртіп идеологиясы күнделікті өмірдің барлық саласында қатаң сақталуға тиіс»

⚡️Президент қоғамда заң үстемдігі қағидатын, яғни заңға бағыну мәдениетін түбегейлі орнықтыру қажет екенін атап өтті.
Оның айтуынша, заң мен тәртіп идеологиясы күнделікті өмірдің барлық саласында қатаң сақталуға тиіс. Бұл қоғамдық орындардағы жүріс-тұрыс мәдениетінен, оның ішінде жиын-тойлар мен тұрмыстық мәдениеттен бастап, жолда көлік жүргізу мәдениетіне дейін осы мызғымас қағидатқа сай болуы керек.
Президент бұған дейін де жол қауіпсіздігі мәселесіне арнайы тоқталғанын еске салды. Ол Қазақстанда жыл сайын көлік апатының кесірінен, соның ішінде көп жағдайда жол қозғалысы ережесін өрескел бұзудың салдарынан мыңдаған адам қаза болатынын айтып, мұндай жағдайға жол беруге болмайтынын мәлімдеді.
Сондай-ақ бұрын көлік апатының көптігіне жолдың нашарлығы себеп ретінде айтылғанын, ал соңғы бірнеше жылда барлық өңірдегі жол инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңғырту қолға алынғанын жеткізді. Алайда, оның сөзінше, қайғылы оқиғалар азаймай отыр.
Осыған байланысты Президент бұл жағдайға Үкімет пен қоғам жіті назар аударуы керектігін айтты. Оның пікірінше, азаматтар бекітілген ережелердің бәрін мүлтіксіз сақтайтын көлік жүргізу мәдениетін қалыптастырғаны дұрыс.
Сонымен бірге полицейлермен тәжікелесу, тіпті оларға шабуыл жасау фактілерін тыю қажеттігі атап өтілді. Президент мұндай жағдайларға, сондай-ақ құқықтық нигилизм дертіне шалдыққан адамдарды, басқаша айтқанда, сотқарлар мен бұзақыларды «қаһарман» жасауға заң аясында қатаң шара қолдану керектігін айтты.
Президент өркениетті ұлт болу үшін полицейлердің, дәрігерлердің, мұғалімдер мен қызмет көрсету саласы мамандарының, жалпы адал әрі заңға бағынатын азаматтардың ар-намысына тиетін кез келген әрекетке батыл түрде тосқауыл қою қажет екенін мәлімдеді.


