Президент: «Заң мен Тәртіп» идеологиясы қоғам өмірінің барлық саласында мызғымас бағдар болуы тиіс ⚡️

⚡️Президент «Заң мен Тәртіп» идеологиясы қоғам өмірінің барлық саласында мызғымас бағдар болуы керектігін мәлімдеді. Оның айтуынша, қоғамда құқық үстемдігі қағидатын орнықтыру, яғни құқықтық сананың жоғары деңгейін қалыптастыру қажет.
Президент бұл ұстаным қоғамдық орындар мен тұрмыстағы мінез-құлық нормаларын сақтаудан бастап, түрлі іс-шаралар мен отбасылық мерекелердегі тәртіпке, сондай-ақ жолдағы жүргізу мәдениетіне дейінгі барлық бағытты қамтуы тиіс екенін атап өтті.
Ол бұған дейін де жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселесіне тоқталғанын еске салды. Президенттің айтуынша, Қазақстанда жыл сайын мыңдаған адам жол-көлік оқиғалары салдарынан қаза табады, бұл көбіне жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудан болады. Ол мұны «жол беруге болмайтын жағдай» деп бағалады.
Президент бұрын жол-көлік оқиғаларының көптігі елдегі жолдардың сапасымен байланыстырылғанын, ал соңғы бірнеше жылда барлық өңірде жол инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жүргізіліп жатқанын айтты. Алайда, оның сөзінше, қайғылы оқиғалар азаймай отыр.
Осыған байланысты Президент қазіргі жағдай Үкімет пен бүкіл қоғамның жіті назарын талап ететінін атап өтті. Ол жүргізудің жоғары мәдениетін және азаматтардың барлық белгіленген ережелерді мүлтіксіз сақтауын енгізу қажеттігін айтты.
Сондай-ақ Президент полиция қызметкерлеріне құрметсіздік таныту, әсіресе оларға шабуыл жасау фактілерінің жол берілмейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай жағдайлар заң аясында қатаң түрде тоқтатылуы тиіс. Сонымен бірге, ол құқықтық нигилизм «бацилласын жұқтырған» адамдарды, басқаша айтқанда, қасақана бұзақылар мен бандиттерді дәріптеу әрекеттеріне де жол бермеу керектігін айтты.
Президент прогрессивті ұлт болуды мақсат етсек, полиция қызметкерлерінің, дәрігерлердің, мұғалімдердің, қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің және барлық адал, заңға бағынатын азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғушылықтың кез келген түріне берік тосқауыл қою қажет екенін атап өтті.


