ҰҚК трансұлттық топқа қатысты стратегиялық биоресурстарды заңсыз әкету ісі бойынша тергеуді аяқтады

Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратура органдарымен үйлестіру арқылы стратегиялық биоресурстарды заңсыз әкетумен айналысқан трансұлттық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.
Ведомство мәліметінше, қылмыстық топ Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында өндірілген өнімді сатып алып, өңдеп, сақтаған. Кейін олар тауарды алмастырып, шығу тегі Қырғызстаннан екені туралы жалған құжаттар рәсімдеу арқылы өнімді шетелге шығарған.
Прокуратураның хабарлауынша, кеден арқылы 88 тонна артемия цистасы заңсыз өткізілген. Мемлекетке келтірілген шығын 142 миллион теңгеден астам болған және ол толық көлемде өтелген.
Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда киік дериваттарын заңсыз аулау және контрабандалау арнасының жолы кесілген болатын.


