Ақмола облысындағы тас жолда патрульдік полиция жүргізушінің өмірін сақтап қалды 🚔

Ақмола облысында патрульдік полиция қызметкерлері көмірқышқыл газынан уланып қалған жүргізушінің өмірін сақтап қалды.
Оқиға 20 наурыз күні таңертең Астана — Петропавл автожолында болды. Шамамен 07:00-де патрульдік полиция батальоны 1 взводының инспекторлары — Мейрамбек Мекеш пен Асанали Алиханов — қызмет атқару кезінде жол жиегінде тұрған «Газель» көлігін байқап, оның капотының астынан қою түтін шығып жатқанын көрген.
Полиция қызметкерлері бірден тоқтап, көлікке жақындаған. Дауысқа ешкім жауап бермеген соң, инспекторлардың бірі бүйір әйнегін сындыруға мәжбүр болған. Кабина ішінде ес-түссіз жатқан ер адам табылған.
Қызметкерлер жүргізушіні жедел түрде таза ауаға шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсете бастаған. Жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін оның жағдайын бақылауда ұстап, кейін медициналық көлікті жақын маңдағы емдеу мекемесіне дейін ілесіп барған.
Кейін белгілі болғандай, 22 жастағы жүргізуші оталған көлікте ұйықтап қалып, көмірқышқыл газынан уланып қалған.
Полиция қызметкерлерінің уақытылы әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туды. Қазіргі уақытта оның өміріне еш қауіп жоқ.
‼️ Полиция азаматтарға автокөлікті пайдалану кезінде, әсіресе мәжбүрлі тоқтау мен жол үстінде түнеу жағдайларында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаудың маңызын еске салды.
#НАШАПОЛИЦИЯ
📱 POLISIA.KZ


