Астанада электросамокаттардың тротуардағы қозғалысына шектеу енгізіледі

Астанада электросамокаттардың тротуарлардағы қозғалысына шектеу енгізу жоспарланып отыр. Жақын уақытта олар үшін тіркеу енгізіліп, бұзушылықтарға бақылау күшейтіледі. Бұл туралы елордалық департаменттің әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Махамбет Тулешов мәлімдеді.
Тулешовтің айтуынша, электросамокаттарды тіркеп, оларға нөмірлік белгілер беру жоспарланған. Сонымен қатар бейнебақылау камералары олардың жүргізушілері тарапынан жасалған құқықбұзушылықтарды тіркей алатын болады.
"Осы шаралар арқылы біз жаяу жүргіншілердің тротуарлардағы қозғалысын қауіпсіз етеміз", — деді Тулешов брифинг барысында.
Электросамокаттардың тротуармен жүруіне толық тыйым салу мәселесі әзірге талқылау кезеңінде.
"Электросамокаттардың тротуарларда жүруіне тыйым салынған жағдайда, олар жолдың жүріс бөлігіне шығады. Тиісінше, жол қауіпсіздігіне төнетін қатер артады. Қазір егжей-тегжейлі талдау жүргізіліп жатыр, оның қорытындысы бойынша шешімдер қабылданады", — деп түсіндірді ол.
Полиция сондай-ақ жол қозғалысы ережелерінің талаптары велосипедшілерге де қатысты екенін еске салды.
"Велосипедшілерге барлық талаптар қолданылады. Бұзушылықтар болған жағдайда әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылады. Жеке құрам тұрақты түрде бақылау жүргізеді", — деп қосты Тулешов.
Жеке самокат иелерінің веложолақтарға қалай жететіні туралы сұраққа жауап берген полицей өзгерістер тек прокат қызметтеріне қатысты болатынын нақтылады.
"1 шілдеден бастап өзгерістер тек электросамокаттарды жалға беретін операторларға қатысты болады. Тротуармен жүруге тыйым салу мәселесі қаралу сатысында және әзірге қабылданған жоқ. Қозғалыс бұрынғы режимде жүзеге асады, бірақ пайдалану бойынша бақылау күшейтіледі", — деді басқарма бастығының орынбасары.


