Есік қаласында ер адамдар тобы қатысқан жанжалдан кейін жеті адам ұсталды

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласында ер адамдар тобы қатысқан жанжал тіркелді. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермеу үшін ауаға ескерту ретінде оқ атып, жеті адамды ұстады.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарады. Жарияланымдарда оқиға кезінде атыс дыбысы естілгені айтылған.
Назар аударыңыз! Видеода бейәдеп сөздер бар!
Алматы облысы полиция департаменті бастығының тергеу жұмысы жөніндегі орынбасары Рустам Абдрахманов әлеуметтік желідегі жарияланымға түсініктеме берді. Оның айтуынша, видеода тіркелген заңсыз әрекеттер 2026 жылғы 28 наурызда Еңбекшіқазақ ауданы аумағында болған.
Абдрахмановтың мәліметінше, аталған дерек бойынша екі қылмыстық іс тіркелген:
- бұзақылық фактісі бойынша;
- полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсету фактісі бойынша.
Оның сөзінше, жеті адам күдікті деп танылған. Олардың барлығы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Әрбір фигуранттың әрекетіне құқықтық баға берілетіні айтылды. Қажетті тергеу әрекеттерін Еңбекшіқазақ ауданы полиция басқармасының қызметкерлері Алматы облысы полиция департаментінің үйлестіруімен жүргізіп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған.


