Дулат Бекбауов Тараздағы бокс кешінде Абдурасул Исмоиловты техникалық нокаутпен жеңді

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов өзбекстандық Абдурасул Исмоиловты жеңді. Жекпе-жек Таразда өткен бокс кеші аясында өтті.
Он раундқа жоспарланған кездесу жетінші раундтан кейін аяқталды. Өзбекстандық қарсылас жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Нәтижесінде Дулат Бекбауовқа техникалық нокаутпен жеңіс және WBC Turan нұсқасы бойынша жартылай орта салмақтағы чемпиондық титул берілді.
Бұл жеңіс қазақстандық боксшы үшін кәсіби рингтегі үшінші жеңіс болды: 3-0.
Еске сала кетейік, Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) 2025 жылғы желтоқсанда боксшыны антидопингтік бағдарламаның рәсімдерін бұзғаны үшін жазалағанын жариялаған. Бекбауов екі жылға дисквалификацияланды. Алайда дисквалификация тек әуесқой боксқа қатысты: кәсіби деңгейде өнер көрсетуіне ешқандай шектеу жоқ.
Дулат Бекбауов — 2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, сондай-ақ 2022 және 2024 жылдардағы Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері.


