Қасым-Жомарт Тоқаев православ қазақстандықтарды Пасха мерекесімен құттықтады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев православ қазақстандықтарды Пасха мерекесімен құттықтады.
Мемлекет басшысы құттықтауында Пасханың христиан күнтізбесіндегі ерекше орны бар екенін айтып, бұл күннің сүйіспеншілік, үміт және рухани жаңаруды білдіретінін атап өтті. Сондай-ақ Пасха мерекесі мен оның алдындағы ораза сенушілер санасында жанашырлық, мейірім, тату көршілік және өзара көмек идеалдарын орнықтыратыны айтылды.
Президенттің айтуынша, православие қоғамда әділеттілік, бейбітсүйгіштік, төзімділік және сенім қағидаттарын нығайтуға елеулі үлес қосады. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан пасхалық дәстүрлер отбасы құндылықтарын сақтауға, адамгершілікті нығайтуға, үлкендерді құрметтеуге және жақынға қамқор болуға тәрбиелейді.
Құттықтауда ел дамуының негізі ретінде ұлттық бірлік пен конфессияаралық келісім, дәстүрлі құндылықтар мен жан-жақты жаңғыртудың үйлесімі көрсетілді.
Мемлекет басшысы референдумда қабылданған Халық Конституциясы халықтың прогрессивті елде бейбітшілік пен тұрақтылық, заң мен тәртіптің үстемдігі, білім мен инновациялар, табиғатсүйгіштік пен тазалық жағдайында өмір сүріп, еңбек етуге ұмтылысының жарқын көрінісі болғанын айтты.
Президент ортақ Отанның болашағы үшін ортақ жауапкершілік кез келген сын-қатерді еңсеруге және қойылған мақсаттарға жетуге көмектесетініне сенім білдірді.
Сөз соңында Мемлекет басшысы мерекенің әр үйге қуаныш пен береке әкелуін тілеп, барша отандастарға зор денсаулық, бақыт және игі бастамаларға табыс тіледі.


