Түркістан облысының Келес ауданында 8 жастағы баланың денесін іздеу жалғасып жатыр

Түркістан облысының Келес ауданында 8 жастағы баланың денесін іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Анасының айтуынша, 23 наурыз кешінде бала ойын кезінде Келес өзеніне құлап, суға кеткен.
Іздеу жұмыстарына құтқарушылар, күштік құрылымдар, әкімдік қызметкерлері, сондай-ақ отбасының туыстары мен еріктілер қатысуда.
Облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағы арнайы ілмектер мен арқанды пайдаланып, Абай және Жүзімдік ауылдары маңындағы Келес өзені арнасының 42 шақырымдық бөлігін тексеріп жатыр. Еріктілермен бірлесіп, Жүзімдік және Қызыләскер ауылдарынан Ғ. Муратбаев атындағы ауылға дейінгі аумақ та қаралуда. Қазіргі уақытта өзен бетімен 15 шақырым және ТЖМ сүңгуірлерін тарта отырып, су астымен 900 метр тексерілген.
Сонымен қатар Шымкент қаласының ТЖД жедел-құтқару жасағы Лесбекбатыр елді мекенінен Сырдария өзеніне дейінгі 9 шақырымдық учаскеде жүзу құралдарын қолдана отырып іздеу жүргізіп жатыр. Бес ұшқышсыз ұшу аппараты арқылы Келес өзені бойымен және Сырдария жағалауымен шамамен 55 шақырым аумақ тексерілуде. Іздеу жұмыстарына эхолот жабдықтары мен 8 жүзу құралы да тартылған.
Іздеудің тиімділігін арттыру мақсатында су деңгейін төмендету шаралары қабылданған. 28 наурызда Қазығұрт ауданында шлюз жұмысы тоқтатылған, 29 наурызда Өзбекстан Республикасының «Зах» каналының шлюзі жабылған. Бұл да су деңгейінің төмендеуіне ықпал етеді. Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып, бақылауда екені айтылды.
Бұған дейін Қостанайда жоғалған 17 жастағы студенттің өлі табылғаны хабарланған болатын. Қылмыстық іс қозғалды.


